Жәрмеңке: елордаға Алматы мен Жетісу облыстарының кәсіпкерлері 459 тонна өнім әкелді

Елордада дәстүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесі жалғасып жатыр. Бұл жолы Алматы және Жетісу облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Elorda.info сілтеме жасап.

Өңірлік жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері 13 қарашаға дейін өтеді.

Екі өңірдің тауар өндірушілері елордаға 459 тонна өнім әкелді, оның ішінде: 84 тонна – көкөніс, 62 тонна – жеміс-жидек, 48,7 тонна – картоп, 41,5 тонна – ет, 9 тоннадан астам – сүт өнімдері, 8 тонна – балық, 500 кг бал, сондай-ақ 189 тонна өзге де өнімдер бар. Мәселен, Жетісу облысы 54 тауар түрін, Алматы облысы 42 түрін ұсынып жатыр. Олардың арасында өсімдік майы, қант, ұн, жарма, ұлттық сусындар және басқалар бар. Маусымдық және сұранысқа ие азық-түлік өнімдерін алу үшін қала тұрғындарына кезекке тұрды.

Жәрмеңкеде бағалар қолжетімді. Әдеттегі дүкен бағаларына қарағанда арзан, жеміс-жидек пен көкөністі арзан бағада көбірек алдық. Елордалықтар әр апта сайын жәрмеңкеден арзан бағада азық-түлік алуға мүмкіндік алды. Алматы әне Жетісу облыстарынан келген кәсіпкерлерге алғыс білдіреміз,- дейді қала тұрғыны Мерей Орынбаев.

Аталған жәрмеңке ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға делдалсыз сатуға мүмкіндік береді, нәтижесінде тауарларының бағасы нарықтан 10-20%-ға төмен.

Кәсіпкерлер сиыр етін 2300-2500 теңгеден сатса, тауық еті 1100-1300 теңге тұрады. Қырыққабаттың бір келісі 100 теңге, ал сәбізді 140-150 теңге аралығында сатып алуға болады. Пияз бен картоптың бағасы 130-150 теңге. Сүт өнімдерінің ішінде 2,5 пайыздық айран мен сүттің бір литрі 335 теңге. Ал ірімшлік 1100 теңге, сары майдың бір келісі 4000 теңгеден сатылуда. Жұмыртқаның 10 данасы нарықтық бағадан шамамен 100 теңгеге арзан, небәрі 380 теңге.

Жәрмеңке алаңында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылған.

Айта кетейік, өңірлік жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері 13 қарашаға дейін өтеді. Келесі демалыс күндері, яғни 24-25 қыркүйек күндері Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оңалхан Өнерхан
Өзгелердің жаңалығы