Жаркент өнімдерін өңдеу қажет

Жаркент бақтары жетісулық жемістердің негізгі ошағы саналады. Дегенмен оны өңдеп сату, нарыққа сай бағасын ұстап тұру жолға қойылмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

​Республика көлемінде алма, алмұрт, шабдалы, өрік, шие секілді жемістердің сұранысы өте жоғары екені белгілі. Осы ретте Панфилов ауданында арнайы қойма салынып, жемістерді сақтау технологиясы енгізілген еді. Алайда сол аудандық бау-бақшалардың көлемі мен әлеуетіне ескере отырып, өнім өңдеу жұмыстары қолға алынбаған. Бұл жемістердің құнынхалықтың қалтасына сай төмендетуге мүмкіндік бермек.

​Жетісу жерінің топырағы қанша құнарлы болғанымен, бау-бақша саласында Панфилов ауданының бәсі жоғары. Олар өңірдегі алқаптың жартысына жуығын құрайды. Мұндағы бақтардың аумағы 2 мың гектардан асады. Енді солардан алынған өнімді өңдеу технологиясына басымдық беру керек. Сол арқылы қыс-көктем мезгілдерінде бағасы шарықтаған жемістердің құнын тұрақтандыруға жол ашылады, дейді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

​Қазіргі уақытта егіншілер жеміс-жидекті сату жұмыстарымен ғана айналысып жатыр. Кейбір шаруалар қоймаларға сақтап, алдағы уақытта жеміс құны артқанда сатуды жоспарлап отыр. Бұл ретте республикалық нарыққа ғана емес, халықаралық нарыққа да жол салуды көздеп отырғандары да бар.

​Жеміс-жидекті сақтау оңай емес. Қоймаларды бір температурада ұстап тұру үшін біраз қаржы кетеді. Одан қалса өнімді қадағалап отыратын қызметкерлердің ақысы бар. Олар сұрыптап, жарамдылығына сай реттеп отырады. Біз сол үшін нарықтағы баға өскенде сатуға тырысамыз. Ішкі сұраныста әзірге баға төмен. Ол біздің шығынымызды ақтамайды, дейді шаруа иесі Сергей Стапенко.

​Бүгінде ауданда онға жуық қойма бар. Олардың көлемі 9 мың т-ны құрайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы