Жаркенов бизнес үшін қолайлы шарттарды айтты

2025 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда жаңа салық кодексі іске қосылуы тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазірдің өзінде оны әзірлеуге барлық жауапты мемлекеттік орган, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдері тартылды. Кәсіпкерлерді жаңа құжатта не күтеді, бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету неліктен маңызды және қазақстандық бизнеске ЕАЭО-ға қатысуға не мүмкіндік беретіні жайында біз «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновпен сөйлестік.

  • Мемлекет басшысы жаңа салық кодексін әзірлеуді тапсырды. «Атамекен» ҰКП құжатты әзірлеуге тікелей қатысып жатыр. Неліктен дәл қазір жаңа салық кодесін дайындау мәселесі туындағанын айтыңызшы?

Қазір қолданыстағы салық кодексі 2017 жылы күшіне енді. Онда бизнеске оң әсер ететін жаңашылдықтар болды, соның ішінде ескіру мерзімі үш жылға дейін қысқарды. Бұл өзгеріс сол уақыт үшін жетістік еді.

Қазіргі кезде жаңа заман, жаңа ситуация, сондықан салық кодексін заманға сай өзектендіру керек.

Мысалы, жаңа салық кодексіндегі үлкен шешімдердің бірі тек бір құжаттың – жаңа салық кодексінің болуы. Бұрын салық кодексі және оны енгізу туралы заң болған. Бухгалтерге, осыған бағдарланған салық салушыға бірінші және екінші құжатты білу қажет еді. Әр бапты зерделеп отыру қиын шаруа.

Қазір біз мемлекеттік органдармен салық кодексін енгізу туралы заңды шығармай тек қана кодекс болады деген келісімге келдік. Нормалардың барлығы екі емес бір ғана құжатта болады.

Оның үстіне қазір цифрландыру жаңа деңгейде. Жалпы, жағдай инвестициялық тартымдылық, соның ішінде мемлекет тұрғысынан өзгерді. Біз Өзбекстанның инвестиция тарту бойынша белсенді әрекет ете бастағанын көріп отырмыз. Қырғызстан белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл бағытта бізде жаман деп айтпаймыз, бірақ қол құсырып отырмай, әрқашан даму керек.

Сондықтан салық кодексіне өзгерістер енгізудің уақыты келді, енді құжат шынымен де жаңа болады. Бұрын құжат мемлекеттік органдарға көбірек бағытталған болды. Біз қазір салықтардың бизнеске қарай бағытталғанын қалаймыз. Дәл осы бағытта да үлкен жұмыс атқаратын боламыз. Құжат түсінуге оңай бола түседі. Бәрі тамаша іске асады деп айтуға қорқамын, бірақ қазіргіден жақсара түсетіні сөзсіз.

  • Бизнестен салық кодексіне алдын ала ұсыныстарды жинап алдыңыз. Бизнес жалпы не ұсынып жатыр?

Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен Үкімет деңгейінде үлкен жұмыс тобы құрылды. Оған Ұлттық палата мамандары кірді. Сондай-ақ, Ұлттық палата өз позицияларын қалыптастыру үшін өзінің жұмыс тобын кәсіпкерлік ортада жинады. Екі үлкен блок болды – орталық аппарат деңгейіндегі бірлестіктер, сонымен қатар аймақтар қосылды. Бұл кәсіпкерлердің өз позициясын білдіруі үшін үлкен сегмент. Жалпы, біз үш жүзден астам ұсыныс дайындап, Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне жолдадық. Осы ұсыныстардың әрқайсысын біз пысықтаймыз.

  • Бизнестың барлық ұсынысының ескерілу ықтималдығы қандай?

Менің тәжірибемде ұсыныстарымыздың 60-70 пайызы өтетін. Әрине, бастапқыда қалағанымыздай болмайды. Бірақ сонымен бірге біз ұмтылған түпкі мақсатқа – маңызды бөлікте өзгерістерге қол жеткіземіз. Мемлекет бюджеттің толықтығы тұрғысынан дайын болмай жатады және бұл қисынды. Біз мемлекеттік органның барлық позициясына келісе бермейміз. Бірақ жалпы диалог қалыптасады. Маңызды бөлімде біз ортақ тіл тауып, мәселелерді шешеміз.

  • Жыл басынан кәсіпкерлер айыппұл жайында хабарлама ала бастады. Ол ҚҚС шекті мәнінің өсуіне байланысты. Кәсіпкерлер айыппұл төлеуге шамасы жетпейтінін, көбі жұмыссыз қалу қаупінде тұрғанын айтып жатыр. Ситуациядан шығудың жолы қандай?

Жағдай өте күрделі. Фискалды органдар ҚҚС шегінен асып кетуді 2020 жылдан бастап тексере бастады. Айыппұл айналымның 15%-ын құрайды. Мемлекеттік органдарды алдын ала тексеру барысында бірнеше мың кәсіпкер ҚҚС шегінен асып кетті. Менің пікірімше, бұл дұрыс емес. Егер 2020 жылы сіз шекті 1 мың теңгеге асырған болсаңыз, демек 2021, 2022 жылғы айналымның бәрі асырылған болып саналады. Бұл кез келген бизнес үшін ауыр жүктеме. Оның арты банкроттық, жабылу немесе ең қиыны – кәсіпкер жеке мүлкімен жауап беруі мүмкін.

Ұлттық палата басынан-ақ Қазақстанда ҚҚС шегі тым аз деген позиицяны ұстанды. Ал қазір ҚҚС шегі бүкіл Қазақстан үшін үлкен зардаптарға әкеп жатыр. Сот процестері мен банкроттыққа ұшыраған кәсіпорындар түрінде шығын болады.

Біз өз тарапымыздан Қаржы министрлігі және Экономика министрлігімен диалог жүргізіп жатырмыз. Бірақ бұл мәселені қалай шешуге болатыны әлі белгісіз. Біз ҚР Үкіметіне рақымшылық жасау туралы өтініш жолдадық. Әрине, бұл бұзушылық болуы мүмкін және оны түсінеміз.

  • ҰКП неліктен мәслихаттарды бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуге үндеп жатыр?

Мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы мәселелерді пысықтаған кезде біз мұны орталықтан жасағымыз келді. Бірақ мемлекеттік органдардың көзқарасы әкімдіктер мен мәслихаттар жұмысқа көбірек тартылып, жергілікті деңгейде осы немесе өзге шешімдерді айқындауға тиіс. Мемлекет тарапынан саясат қисынды. Бірақ бөлшек салық мәслихат деңгейіне берілген алғашқы маңызды мәселе екенін ескерсек, әрине, іске асыру бойынша көптеген сұрақ туындайды.

Біз шағын және орта бизгнестің дамуына қолайлы жағдай жасағымыз келді. Шекті айналым қаражаты 2 млрд теңге, штат – 200 адам, салық мөлшерлемесі – 2 пайыз, БЖТ – 20% болса , бизнес жүргізуге қолайлы жағдай. Біздің ойымызша, бұл шара ШОБ-ты дамытуға жағдай жасап, бизнеске көлеңкеден шығуға серпін береді. Өйткені ҚҚС бойынша қолданыстағы шектер бизнесті заңды өрістен шығарып, бөлшектеуге мәжбүр етті. Бөлшек салық ставкасы 2% бизнесті көлеңкеден шығуға ынталандырады. Бұрын болмаған бизнес түрлері ашылып, өз жұмысын көрсетеді. Уақыт өте келе салық салынатын база ұлғаюы мүмкін екеніне сенімдіміз. Сондықтан депутаттарға дұрыс шешім қабылдау үшін өтініш жасадық. Соңғы шешімды олар қабылдайды.

  • Ұлттық палатада сіз экономикалық интеграцияға да жауаптысыз. Айтыңызшы, ЕАЭО-ға қатысу отандық бизнеске не береді?

Осыған байланысты түрлі пікірлер бар. Бірақ ЕАЭО – экономикалық блок, және мұндағы мәселе таза экономикада. ЕАЭО елдерімен өткен жылы ғана айналым 28,3 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6-7%-ға жоғары көрсеткіш. Яғни, өсу жүріп жатыр. Адамдар бұған басқаша қарауы мүмкін екені түсінікті, бірақ біз тарихи тұрғыдан экономикалық тұрғыдан байланысты болдық. Бұл тізбектерді бұзу – ақымақтық. Айналым өсіп жатыр, даму барлық тарапқа тиімді. Өткен жылы Қазақстаннан Ресейге тауарлардың экспорты шамамен төрттен біріне өсті. Бұрын диспропорция әлі де көп болатын.

Жалпы экономика мен бизнес үшін кедергілердің неғұрлым аз болуы соғұрлым жақсы. Ал іс жүзінде елдер арасындағы сауданы тежейтін қолдан жасалған кедергілер бар. Оларды алып тастау керек. Мысалы, ағаш материалдарын автокөлікпен тасымалдауға тыйым болды. Үнемі келіссөздер арқылы біз алты өткізу пунктін ашуға қол жеткіздік. Бірақ біздің жалпы шекарамыз 7,5 мың шаршы шақырымды құрайды және 30 өткізу пункті барын ескерсек, менің ойымша, бұл дұрыс емес. Сондықтан біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы