Жәрдемақыны көбейту, ұшаққа 50% жеңілдік. Депутат азаматтарға қолдау көрсетуді ұсынды

Мәжілісте депутат Бекқали Торғаев мүмкіндігі шектеуді азаматтарға жеңілдіктер қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін инклюзивті ортаны қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлініп жатыр. Мәжіліс депутаттары өңірлерге іс-сапар барысында әр санаттағы азаматтармен кездесіп тұрамыз. Ал менің әлеуметтік парақшама осы айда мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету бойынша жүздеген хат келді. Олардың басты өтініші – мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау үшін мемлекеттік жәрдемақыны көбейту. Өтініш иелерінің ішінде толық емес отбасылар мен көп балалы аналарда бар, - деді ол.

Депутат атап өткендей, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруіне байланысты 8,5%-ға артады. 

Алайда инфляцияның өсуі бұл тиімділіктің барлығын жоққа шығарып отыр. Елімізде инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жеткендігін және мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізетіндігін Президенттің өзі Үкіметке жеткізген болатын. Арыз-өтініште дәрі-дәрмектер мен анализдердің және дәрігелердің қызмет көрсету бағаларының қымбаттауы қоса жазылған. Сондай-ақ ауылда тұратын ақ жаулықты аналарымыз баласын емдету үшін жағдай жоқтығынан қала аралап, кабинеттерді жағалап кететіндігін көзіне жас алып, емірене жеткізді. Ал жақын орналасқан аудандарда қажетті мамандардың табылмайтыны тағы бар, - деді ол өз сөзінде.

Депутат Бекқали Торғаев атап өткендей, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға тұрақты түрде отандық авиакомпанияларда ішкі және халықаралық ұшуларға жеңілдіктер қарастырылмаған. 

Бұл мәселе осыған дейін көп алаңдарда көтеріліп келеді. Алайда әлі бір шешімі табылған жоқ. Қазақстан темір жолында 50% жеңілдік бар екенін атап өткім келеді. Неліктен осы тәжірбиені біздің авиакомпанияларымызда қолданбасқа? Соңғы жылдары мемлекеттік құрылымдар тарапынан ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау үшін бірқатар заң қабылданды. Алайда іс барысында басқа болып тұр, - деп айтты депутат Мәжілісте.

Ол мынадай ұсыныстарын жеткізді:

1. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін мемлекеттік жәрдемақыны көбейту; 

2. Ауылдарда барлық қажетті медицина мамандарын тарта отырып, ерекше күтімді қажет ететін жандарға медициналық көмек ретінде айына бір рет толық тексеріс өткізу; 

3. Ерекше күтімді қажет балаларды жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік немесе жеке бала-бақшаларға тегін, кезексіз орналастыру;

 4. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға тұрақты түрде отандық авиакомпанияларда ішкі және халықаралық ұшуларға 50% жеңілдіктер қарастыру.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы