8 Қазан 2026, 10:12 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жәрдемақыға қатысты маңызды өзгеріс: 2027 жылдан қандай талаптар енгізіледі?

Қазақстанда жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа қаулы 2027 жылдан күшіне енеді.

Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау, төлеуді уақытша тоқтату және қайта бастау тәртібі өзгереді. Сондай-ақ жерлеуге берілетін біржолғы төлемнің шарттары нақтыланды. Тиісті қаулыны Үкімет 2026 жылғы 5 қазанда қабылдады. Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Үкіметтің №870 қаулысымен мемлекеттік жәрдемақылардың тізімі және оларды тағайындау, төлеуді тоқтату, қайта бастау және тоқтату шарттары бекітілді.

Қандай жәрдемақылар қамтылады?

Жаңа қаулы мынадай 10 жәрдемақы түріне қатысты:

  1. Бала туған кезде берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
  2. Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
  3. Төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
  4. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, сондай-ақ «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы;
  5. Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
  6. Асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
  7. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  8. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
  9. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға немесе қамқоршыға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
  10. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Жәрдемақы алуға отбасының әлеуметтік жағдайы да ескеріледі

Қаулыға сәйкес, осы жәрдемақылардың басым бөлігі және жерлеуге берілетін біржолғы төлем мұқтаждық қағидаты негізінде тағайындалады. Яғни отбасының немесе адамның әлеуметтік жағдайы объективті түрде бағаланады.

Алайда бұл талап барлық жәрдемақыға бірдей қолданылмайды.

Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне және «Батыр ана» атағын алған әйелдерге берілетін жәрдемақыға, белгілі бір санаттағы мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыларға, ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға берілетін асыраушысынан айырылу жәрдемақысына, сондай-ақ арнаулы және арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыларға әлеуметтік жағдайды бағалау қолданылмайды.

Әлеуметтік жағдайды бағалау үшін не қажет?

Жәрдемақы тағайындау кезінде кәмелетке толған отбасы мүшелері өздерінің дербес деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және беруге келісім беруі керек.

Бұл ретте отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау үшін банк және заңмен қорғалатын басқа да құпия мәліметтер, сондай-ақ кредиттер бойынша берешек, ай сайынғы төлем және мерзімі өткен немесе қалған қарыз туралы ақпарат алынуы мүмкін.

Қандай жағдайда жәрдемақы уақытша тоқтатылады?

Қаулыда жәрдемақы төлемін уақытша тоқтатуға негіз болатын жағдайлар да нақты көрсетілген.

Олардың қатарында үш ай немесе одан да көп уақыт бойы банк шотында шығыс операцияларының болмауы, жәрдемақы алушының Қазақстаннан тұрақты тұруға кетуі, сот шешімімен бас бостандығынан айырылуы және толық мемлекеттік қамсыздандырылатын арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұруы бар.

Сонымен қатар кейбір жәрдемақылар алушының құжаттарының қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда, із-түзсіз жоғалған деп танылған кезде немесе азаматтығы тоқтатылған жағдайда да уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Мысалы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы алушының банк шотында үш ай немесе одан да көп уақыт бойы шығыс операциялары болмаса, төлем уақытша тоқтатылады.

Жәрдемақы қашан қайта төленеді?

Төлемді тоқтатуға себеп болған жағдай жойылғаннан кейін жәрдемақыны қайта бастауға болады.

Ол үшін азамат өтініш береді. Қажетті жағдайдың жойылғанын растайтын құжаттар немесе цифрлық жүйелердегі мәліметтер негізге алынады.

Мысалы, көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы бала 18 жасқа толған кезде уақытша тоқтатылуы мүмкін. Егер бала оқуын жалғастырса, төлем қайта басталады. Бұл ретте ол күндізгі оқу нысанында жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуы керек. Төлем бала 23 жасқа толғанға дейін жалғасуы мүмкін.

Қандай жағдайда жәрдемақы толық тоқтатылады?

Жәрдемақы төлеу тоқтатылатын жағдайлардың бірі – алушының немесе балаға байланысты төлем тағайындалған жағдайда баланың қайтыс болуы.

Сондай-ақ баланың толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынуы, жәрдемақы алу үшін жалған мәліметтердің берілуі, ата-ана құқығынан айырылу немесе шектелу, бала асырап алудың күшін жою, Қазақстан азаматтығының тоқтатылуы сияқты жағдайлар төлемнің тоқтатылуына негіз болады.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді. Сонымен қатар бала қайтыс болған жағдайда, толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынғанда немесе жәрдемақы заңсыз тағайындалғаны анықталғанда төлем тоқтатылады.

Мүгедектік бойынша жәрдемақыға қатысты не өзгереді?

Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін азаматтың оған заңнамаға сәйкес құқығы болуы керек.

Төлем банк шотында үш айдан астам шығыс операциялары болмаған жағдайда, құжаттардың қолданылу мерзімі аяқталғанда, алушы Қазақстаннан тұрақты тұруға кеткенде немесе жәрдемақыны заңсыз тағайындауға себеп болған жалған мәліметтер анықталғанда тоқтатылуы мүмкін.

Сонымен қатар шетелде мүгедектік бойынша зейнетақы алып отырғаны анықталған жағдайда да төлем тоқтатылады.

Күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақы

Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақы да жаңа қаулыда қарастырылған.

Оны төлеу банк шотында үш ай немесе одан да көп уақыт бойы операция болмаған жағдайда, күтім жасаушы адамның құжаттарының мерзімі аяқталғанда, оның немесе мүгедектігі бар адамның басқа елге тұрақты тұруға кеткенінде уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Ал мүгедектігі бар адамның немесе күтім жасаушы адамның қайтыс болуы, азаматтардың басқа елге тұрақты тұруға кетуі, мүгедектік тобының өзгеруі немесе алушының өтініші төлемді тоқтатуға негіз болады.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандарға төлем

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға немесе қамқоршыға берілетін жәрдемақы да осы қаулыда қамтылған.

Төлем банк шотында үш айдан астам операция болмаған жағдайда, алушы шетелге тұрақты тұруға кеткенде, бас бостандығынан айырылғанда, толық мемлекеттік қамсыздандыру жағдайында болғанда немесе қажетті құжаттардың мерзімі аяқталғанда уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Бала қайтыс болғанда, толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынғанда, жалған мәлімет берілгені анықталғанда немесе алушының Қазақстан азаматтығы тоқтағанда төлем тоқтатылады.

Көпбалалы отбасыларға қатысты қандай талаптар бар?

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны алу үшін отбасында төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған бала болуы керек.

18 жасқа толған бала күндізгі бөлімде оқуын жалғастырса, жәрдемақы төлеу қайта басталуы мүмкін. Бұл жағдайда төлем бала 23 жасқа толғанға дейін жалғасады.

Ал бала оқу орнынан шығарылса, толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынса, ата-ана құқығынан айырылса немесе Қазақстан азаматтығын тоқтатса, жәрдемақы төлеу тоқтатылуы мүмкін.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақы

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге берілетін жәрдемақы да жаңа тәртіппен реттеледі.

Төлем үш ай немесе одан да көп уақыт бойы банк шотында операция болмаған жағдайда, алушы шетелге тұрақты тұруға кеткенде, бас бостандығынан айырылғанда немесе құжаттарының мерзімі аяқталғанда уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Ал мемлекеттік наградадан айырылған жағдайда, жалған мәлімет бергені анықталса, Қазақстан азаматтығы тоқтатылса немесе алушы қайтыс болса, төлем толық тоқтатылады.

Жерлеуге берілетін төлем қанша болады?

Қаулыда жерлеуге берілетін біржолғы төлемнің мөлшері де көрсетілген.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға республикалық бюджеттен біржолғы жерлеу төлемі беріледі.

Оның мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 35 еселенген мөлшеріне тең.

Егер қайтыс болған зейнеткер Ұлы Отан соғысының ардагері болса, жерлеуге берілетін біржолғы төлем 36,6 АЕК мөлшерінде төленеді.

Қаулы қашан күшіне енеді?

Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы №870 қаулысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және ресми жариялануға тиіс.