Жәрдемақы мен жалақы өсті, бірақ таксистер салық төлейді: Бүгіннен бастап не өзгереді?

Елімізде бүгіннен, яғни 1 шілдеден бастап жәрдемақы мөлшері артып, орманшылардың жалақысы өседі. Сондай-ақ таксистер мен курьерлер бүгіннен бастап салық төлейді. Бұдан басқа қандай өзгерістер болатынына шолу жасап көрейік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік кодекс: Жәрдемақы өседі

Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төлемдер 14,5%-ға артты.

Бұдан басқа, 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейді.

Әлеуметтік кодекс шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрлерінің мөлшерін орта есеппен 14,5%-ға артты:

– мүгедектік бойынша;

– асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;

– арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;

– мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;

– Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

– саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

– Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.

Осылайша, жоғарыда аталған жәрдемақы түрлерін 2022 жылмен салыстырғанда 23%-ға ұлғайту қамтамасыз етіледі (осы жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға өсуді ескере отырып). Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 37 млрд теңге бөлінді.

Бұдан басқа, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылар 14,5%-ға артты:

– бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға;

– мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға).

Бүгінде бұл жәрдемақылардың мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезде жәрдемақы мөлшері 2023 жылы 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 6,4 млрд теңге бөлінді.

Әлеуметтік кодексте сондай-ақ «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге төленетін жәрдемақы мөлшері сараланды.

Егер бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алса, енді 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап «Алтын алқа», «Батыр Ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды.

Сонымен қатар биылдың 1 шілдесінен бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5% артты.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілетінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Үкіметтің шешімімен олардың мөлшері 8,5%-ға ұлғайтылған болатын.

Орманшылардың жалақысы өсті

1 шілдеден бастап орманшылардың жалақысы екі есе өсті.

ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, бүгінгі күні ұлттық парктер мен қорықтарда 2 525 адам жұмыс істейді. Осы күнге дейін орман шаруашылығы саласындағы ең төменгі жалақының бірі болатын. Бірақ қазіргі уақытта осы мәселе бойынша министрлікпен бірге тиісті жұмыс жүргізілді. Енді 1 шілдеден бастап жалақы 100 пайызға өсті.

Орман шаруашылығы саласындағы мамандардың ең төменгі жалақысы штаттық кесте бойынша 80 000 теңгеден астам. Бұл - инспекторлардың жалақысы. Енді осы жалақы екі есе өседі. 2 525 адамның 1 912-сі инспектор болып жұмыс істейді. Бұл нормаға сай емес. Саны екі есе көп болуы керек. Десе де мамандардың саны көбейіп келеді, - деп айтты ол.

Енді жәбірленуші арызданбаса да, полиция іс қозғайды

1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары арызданбаса да, полиция іс қозғайды.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырады. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша іс қозғайды.

Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталады. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласуға байланысты сотта тоқтатылады, – деп айтты ол.

Белгілі болғандай, мұндай жағдайлар көбіне агрессордың, оның туыстарының сендіруі немесе қысымымен болады. Мысалы, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 5 мың фактісі осы негіздер бойынша тоқтатылды.

Енді 1 шілдеден бастап сотта бір рет қана татуласуға мүмкін болады. Бұл психологиялық қысымнан туындайтын зардап шеккендерге қатысты қатал әрекеттерді тоқтатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді, – деді Ақмарал Серікбаева.

Зейнеткерлер жинақтарының барлық сомасын пайдалана алады

2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге өздерінің зейнетақы жинақтарының барлық сомасын пайдалануға құқық беріледі.

Биылдың 1 шілдесінен бастап еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы БЖЗҚ-да жинақталған қаражаттарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады. Емделу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін жоғарыда көрсетілген интернет-платформа арқылы «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға ғана жүгіну қажет, – делінген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.

Бұған дейін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу сияқты әлеуметтік мақсаттарға пайдалану құқығы берілгенін естеріңізге сала кетейік.

Келесі санаттар осы құқықты пайдалана алады:

1) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Олар «төменгі жеткіліктілік шегінен» асатын соманың бір бөлігін пайдалана алады;

2) зейнетақысы жоғалған табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50% дейін пайдалана алады;

3) өзіне зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады.

Бұл норма жұмыс істейтін азаматтарды да, зейнеткерлерді де қамтиды.

Таксистер мен курьерлер салық төлейді

Қазақстанда 1 шілдеден бастап такси жүргізушілер мен курьерлер салық төлей бастайды. Айлығы шайлығына жетпей жүрген «тәуелсіз қызметкерге» салық төлеуге ешкім міндеттемейді, ол ерікті түрде жүргізіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп интернет-платформаны пайдалана отырып қызмет көрсететін тұлғаларды салықтық әкімшілендірудің өзгеше тәртібін қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға кірісіп кетті.

Интернет-платформада тіркелген такси жүргізушілері мен курьерлер пилоттық жобаға ерікті түрде қатыса алады.

Ол үшін Азаматтарға «e-salyq Business» мобильдік қосымшасын пайдаланып, арнайы салық режимін қолдана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет.

Пилоттық жоба шеңберінде жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және такси жүргізушілерінің табысынан медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жөніндегі міндеттемелер интернет-платформа операторына жүктеледі.

Пилоттық жобаға қатысатын таксистер мен курьерлер айлық табысының тек 1 пайызын салыққа төлейтінін еске сала кетейік. Ол ай сайын 200 мың, 300 мың не 500 мың теңге тапса да, оның тек 1 пайызын қазынаға құюға міндетті болады. Ол үшін осы қызмет түрін көрсететіндер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі не болмаса осы қызметті көрсететіндердің штатында жұмыс істеуі қажет.

Шетелдік көлікті заңдастыру аяқталды

1 шілдеден бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылды. Қазір 192 мыңнан астам шетелдік автомобиль Қазақстандық есепке алынды.

Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, биылғы 23 қаңтардан бастап 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыруды жүргізген болатын.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Жамалиевтің 29 маусымда 200 мыңға жуық көлік заңдастырылғанын мәлімдеген еді.

Оның ішінде 11 мыңнан астам конструктор-автомобильдер қазақстандық есепке қойылды. Оларды жария ету биылғы 22 мамырдан басталды. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады, - деген болатын ол.

Төрт күндік жұмыс аптасы болады

Биыл 1 шілдеден бастап қазақстандықтар 4 күндік жұмыс аптасына ауыса алады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында 71-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын деп көрсетілген.

Онда тараптардың келісімі бойынша еңбек шарты бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасына ауысу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге мүмкіндік берген. Яғни аптаның қай күні үшінші демалыс күні болатынын жұмыс беруші мен қызметкер өз бетінше келісіп алады.

Бұл туралы 84-бапқа өзгертулер енгiзiлдi:

3-тармақ. Бес күндік, алты күндік немесе төрт күндік жұмыс аптасында жалпы демалыс күні жексенбі болады. Бес күндік және (немесе) төрт күндік жұмыс аптасында екінші немесе үшінші демалыс күні ұжымдық шартпен немесе еңбек тәртібімен белгіленеді» делінген заңда.

Сұйытылған мұнай газы қымбаттады

Энергетика министрлігі «ҚР ішкі нарығына СМГ беру жоспары тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірлеген болатын.

Онда Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2024 жылдың 30 маусымын қоса алған кезеңге арналған шекті бағасы қосылған құн салығын есепке алмағанда, тоннасына 40 320 теңге мөлшерiнде болады.

Сұйытылған газдың қазіргі бағасы 33 600 теңге болып белгіленді.

Арақ-шарап қымбаттады

Ашық НҚА порталында Қаржы министрінің бөлшек саудада өткізу үшін араққа қойылатын шекті бағаны көтеру туралы бұйрығының жобасы жарияланған болатын.

1 шілдеден бастап 30 қыркүйекке дейінгі аралықта ішімдіктердің бөлшек саудадағы ең төменгі құны белгіленді.

Бүгіннен бастап қанша теңге:

– арақтар, күштілігі жоғары ликер-арақ бұйымдарының бір литрі – 1 980 теңге.

– коньяк пен брендидің бір литрі – 2 930 теңге.

1 қазаннан ішімдіктің ең арзан бағасы мынадай болады:

– арақтар, күштілігі жоғары ликер-арақ бұйымдарының бір литрі – 2 100 теңге;

– коньяк пен брендидің бір литрі – 3 110 теңге.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы