16 Қазан 2026, 18:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жәрдемақы есептегенде туыстар арасындағы ақша аударымы табысқа қосыла ма?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейдегі банктер жәрдемақы алушылардың банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне береді. Бұл ретте отбасы мүшелерінің бір-біріне аударған ақшасы табыс ретінде есептелмейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде үй шаруашылығының кіріс көздері ескеріледі. Мәселен, әкесі жалақысын өз банк картасынан әйеліне аударып, әйелі сол ақшаны баласына жіберсе, бұл аударымдар отбасының қосымша табысы ретінде есептелмейді.

Мұндай жағдайда отбасы мүшелерінің бір үй шаруашылығына жататыны ескеріледі. Өйткені отбасының негізгі кіріс көзі – әкесінің жалақысы. Ақшаны отбасы мүшелерінің арасында аудару жаңа табыс пайда болды дегенді білдірмейді.

Бір реттік сыйлық қалай есептеледі?

Бахтияр Жазықбаев бір рет аударылған қомақты қаражаттың да табысты бағалау кезінде қалай ескерілетініне тоқталды.

Табысты есептеу кезінде бір реттік аударым ғана емес, соңғы 12 айда қанша ақша түскені ескеріледі. Яғни, бір айда біреу сізге 1 миллион теңге сыйлап, ал қалған айларда ешқандай ақша аудармаса, бұл қаражатты тұрақты табыс ретінде есептеу тәртібі басқаша болады. Жылдық орташа табыс есептеледі, – деді вице-министр.

Осылайша, отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде тек бір айдағы түсімге емес, соңғы 12 айдағы ақша қозғалысына назар аударылады.