Жәрдемақы да, айыппұл да өсті: 2026 жылғы АЕК нені өзгертті?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жаңарды. Өзгерістер айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуімен байланысты. Бұл салықтар мен айыппұлдардан бастап, жәрдемақылар мен мемлекеттік қызметтердің құнына дейін тікелей әсер етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы негізгі көрсеткіштер
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болып белгіленді. Осыған байланысты бірқатар төлемдер мен әлеуметтік нормалар қайта есептелді.
Ең төменгі жалақы — 85 000 теңге (2025 жылғы деңгейде қалды);
Базалық мемлекеттік зейнетақы — 35 596 теңге;
Ең төменгі зейнетақы — 69 049 теңге;
Ең төменгі күнкөріс деңгейі — 50 851 теңге.
Айыппұлдар мен мемлекеттік қызметтер қымбаттады
АЕК-ке байланысты болғандықтан мемлекеттік қызметтердің бағасы мен әкімшілік айыппұлдар да автоматты түрде өсті.
Мәселен, 2026 жылы паспорт алу құны (8 АЕК) 34 600 теңгені құрайды.
Ал жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын ең төменгі айыппұл 3 АЕК, яғни 12 975 теңге.
Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер артты
Айыппұлдармен қатар мемлекеттен төленетін әлеуметтік қолдау шаралары да өсті.
Бала туған кезде берілетін бір реттік жәрдемақы
1–3 балаға — 38 АЕК (164 350 теңге);
4 және одан көп балаға — 63 АЕК (272 475 теңге).
Көпбалалы аналарға арналған ай сайынғы жәрдемақы
4 балаға — 16,03 АЕК (69 329,75 теңге);
5 балаға — 20,04 АЕК (86 673 теңге);
6 балаға — 24,05 АЕК (104 016,25 теңге);
7 балаға — 28,06 АЕК (121 359,5 теңге).
Әр қосымша бала үшін төлем мөлшері 4 АЕК, яғни 17 300 теңгеге артып отырады.
Награда алған көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы
«Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» иегерлеріне — 7,40 АЕК (32 005 теңге);
«Күміс алқа» иегерлеріне — 6,40 АЕК (27 680 теңге).
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы қалай есептеледі және кімге көбірек төленетінін жазған болатынбыз.