Елордада жәрдемақы алатындар саны күрт өскен: Тексеру жүріп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада да атаулы әлеуметтік көмек саласында былық көп болып шықты. Бұл жайлы әкімдікте өткен брифингте айтылды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Баймолдин атаулы әлеуметтік көмекті мұқтаж азаматтар ғана алуы керек дейді. Яғни, жәрдемақы тек өмір сүру деңгейі кедейлік шегінен төмен адамдарға тиесілі.

"Былтыр бізде сондай 900 отбасы болды. Сонша өтініш қабылдадық. Біз биыл шамамен 1,5 мың жанұя келеді деп ойладық. Ал сәуірде жұмыс басталғанда олардың саны 3 мыңға дейін жетті. Бұл азаматтар қайдан пайда болды? Қазір де адамдар ағымы азаяр емес. Әлі келіп жатыр. Айына мыңға жуық өтініш қабылдаймыз. Заң бұзушылық фактілер бар. Біз де сәуір, мамыр айларына түгендеу жұмыстарын жасадық. Неше түрлі жағдайлар болып жатыр. Сондықтан мемлекеттік органдарға сауал жолдап жатырмыз. Кейбіреулердің жеке кәсіптері, миллиондаған айналымы болған, ал дәл сәуір айында, жәрдемақы алатын кезде бәрін тоқтатқан немесе жауып тастаған. Оның бәрі өтірік қой", - деді Абай Баймолдин.

Орталық директоры АХАЖ мәліметін де келтірді. Оның айтуынша, сәуір айында бәрі ажыраса бастаған.

"Бірге тұрмаймыз, алимент төлемейді" дейді. Сонда баланы кім үшін таптыңдар? Бала кімдікі? Ата-анасінікі ғой. Өздері асырау керек қой. Еңбектену керек. Егер олар "екеуміз де жұмыс істеп жатырмыз, біздің тапқан табысымыз жетпейді. Біздің жанұямыздың табысы ең төменгі күнкөрісі деңгейінен төмен болып отыр, көмектесіңдерші" десе, онда бір жөн. Ал көбі жұмыс істегісі келмейді. Бала күтіміндемін дейді. Кіші балаң нешеде десек, әлі жетіге толған жоқ дейді. Жетіге толғанға дейін қандай аналар отыра алады? Күйеуі үйіне ақша әкеліп жатса, онда үйде жұмыс істемей отыра берсін. Ал егер қаражаттары жетпей жатса, несіне үйде отырады, неге жұмыс істемейді? Жоқ, олар келіп, атаулы әлеуметтік көмек алғылары келеді", - дейді Абай Баймолдин.

Орталық директоры сол себептен олардан құжаттардың түр-түрін сұрататындарын айтты. Ал азаматтар ренжіп, шағымданып, әкелгілері келмейді.

"Сәуір-мамыр айларында халық көп болды да, біздің мамандар үлгере алмай жатты. Сонда мүмкін андай-мындай өтініштер өтіп кеткен шығар. Қазір соларды реттеп жатырмыз. Біздің қала ғана емес, бүкіл ел бойынша барлық жерде ревизия жүріп жатыр. Халықтан неше түрлі қылық шығып жатыр. Бізде тіпті екі қабатты үйде тұратын, джипі барлар да тапсырған. Ұятсыз адамдар бар ғой. Балаларын елордаға уақытша тіркеп, екі жерден көмек алғысы келгендер де бар. Халық ақша алу жағын жан-жақты ойластырған. Көмек көпбалалы аналардың барлығына көрсетілмейді. Мұқтаж азаматтарға ғана беріледі. Ал тұрмысы жақсы көпбалалы жанұяларға берілмейді. Бүгінгі, 25 шілдедегі жағдай бойынша 8,5 мыңға жуық отбасы өтініш берген. Олардың 4,5 мыңы атаулы әлеуметтік көмекті алып жатыр. Бұл былтырғыдан шамамен 9 есе көп. Қазір жаппай тексеру жүріп жатыр. Біз тексерудеміз. Одан кейін қалалық прокуратура тарапынан тексерулер болады. Бұл тексеру белгілі бір мезгілде тоқтатылмайды, ол жалғаса береді", - деді Абай Баймолдин.

Атап өтсек, бүгін елорда әкімдігінде "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру" атты брифинг өтті.

Еске салсақ, жуырда премьер-министр орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова елімізде жәрдемақыны заңсыз алу фактісі 2 мыңға жеткенін айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы