Жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер - Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер. Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екенімізді білдіреді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы елордада өтіп жатқан Президентті салтанатты ұлықтау рәсімінде.
Сонымен қатар Президент қиын-қыстау заманда халқымыз егемендік үшін күрескенін атап өтті.
Бабаларымыз біртұтас ел болып, Еуразия төрінде даңқты шежіресін ат тұяғымен жазған, Алтын орда мен Қазақ хандығы сияқты мемлекеттер құрған. Сондай-ақ, халқымыз ел басына күн туған күрделі сәттерде азаттығы үшін арпалысты. Әйгілі хандарымыздың, батырларымыздың және ұлт қайраткерлерінің ерлігі – осының айқын көрінісі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.