Жапырақ жауған күз...
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Астананың келбеті сары түске боялды. Елорда күзі ерекше есте қалады. Себебі бір күннің ішінде ауа райы бірнеше рет құбылып, жаңбыр жауып, қар түсіп, соңынан тіпті күн жарқырап шығуы да әбден мүмкін.
Күз мезгілі дегенде, көз алдымызға 1 қыркүйек, қолдарына гүл ұстаған формадағы оқушылар, жұмыстарына асыққан адамдар келеді.
Дегенмен, биыл карантин талабына сәйкес, оқушылардың басым бөлігі қашықтан оқып жатыр.
Осылайша, елорда көшелерінен сабақтан қолы босаған балаларды, серуенге шыққан тұрғындарды кездестіруге болады.
Нұр-Сұлтанда қысқа ғана жаз мезгілінен кейін күз тез түседі. Оған да қалалықтар тез бейімделіп алған.
Күз келісімен халық қыстың қамын ойлап, түрлі қыс азығын дайындап, отын-көмірлерін түсіреді.
Күз - байлықтың, молшылықтың кезі.
Дегенмен, осындай көздің жауын алатын астананың «алтын» күзін жақсы көрмейтін адам жоқ шығар.
Түрлі түске боялған қала көшелерінде серуендеп, естелікке әдемі суреттер жасауға елорданың күзі таптырмас мезгіл.
Міне, осылайша, елордаға «алтын» күз келді.
Біз редакциямыздың фотографымен бірге «Президент» паркінен «Бейбітшілік және келісім сарайының» артындағы саябаққа дейін түрлі кадр іздеп, объективке түсірдік.
Паркте адам саны көп емес.
Қоңыр күз келсе де, тұрғындарға айтарымыз – үнемі көңілді жүрейік.
Күздің таңғы мен кешкі салқынында жылы киініп, өздеріңізді және жақындарыңыздың денсаулығын сақтап жүріңіздер.
Әрине, карантин талабын сақтауды да естен шығармаған дұрыс. Маска тағып, антисептик қолдануды ұмытпаймыз.
Айта кетейік, кеше Бурабай күзі туралы фоторепортаж жариялаған болатынбыз.