Жаппай уланған: Жамбыл облысында 22 жас спортшы ауруханаға жеткізілді
Қызылорда облысынан барған 22 жасөспірім Жамбыл облысы Меркі ауданында ауруханаға жатқызылды. 12-17 жас аралығындағы балалар күрес түрлерінен өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына қатысқан. Дәрігерлердің мәліметінше, барлық жасөспірімге «этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит» деген алдын ала диагноз қойылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, аурудың себептерін анықтау үшін науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сынамалар алынған. Қазіргі уақытта зерттеу нәтижелері күтіліп отыр.
Аталған факті бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Сонымен қатар полиция органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов барды. Жедел штабтың отырысы өткізілді.
Оқиға болған сәтте «Тұран» демалыс аймағында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы орналасқан. Олардың барлығы медициналық тексеруден өтті. Ауруханаға жатқызылған балалардың барлығы қазір үйлеріне шығарылғанымен, тұрақты медициналық бақылауда.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, балалар тобы оқу-жаттығу лагерінен тыс жерге шығып, «Тұран» аумағынан бөлек жерде тамақтануы мүмкін. Қазіргі таңда бұл нұсқаны тергеу органдары анықтап жатыр.