Бүгiн 2026, 09:54 Фото: Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы

Жаппай қырылу ма, табиғи үрдіс пе? – Баянауыл маңында жүздеген ақбөкеннің өлекселері табылды

Dala.Camp экспедициясы Баянауыл мен Курчатов аралығында жаппай қырылған ақбөкендерді анықтады. Мамандар бұл жағдайдың себебін зерттеуде.

Қазақстанда 1-16 мамыр аралығында өтіп жатқан Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясының қатысушылары жаппай қырылған ақбөкендерді анықтады. Бұл жағдай Баянауыл мен Курчатов аралығындағы аумақта, Жаңа Ақшиман ауылына жетпей байқалған.

Экспедиция қатысушыларының пікірінше, жануарлардың өлекселері далада ұзақ уақыт жатқан. Бұл олардың бір мезетте емес, біртіндеп қырылғанын көрсетеді.

Бақыланып отырған жағдайдың ықтимал себептерінің бірі - көбею кезеңімен байланысты табиғи биологиялық үдерістер болуы мүмкін. Бұл уақытта жануарлар әлсіреп, түрлі қауіп-қатерлерге осал келеді.

Өлекселер бұрыннан жатыр, ағарып кеткен. Біз өте көп мөлшерде қырылған ақбөкендерді көрдік, олардың көпшілігінің мүйізі бар. Бұл олардың күйлеу кезеңіне сәйкес келуі мүмкін. Осы уақытта жануарлар әлсіреп, жиі шағылысады, соның салдарынан өлім-жітім артуы ықтимал, - деп атап өтті Turan қауымдастығы басқарма төрағасы, Dala.Camp қауымдастығының негізін қалаушы және экспедиция жетекшісі Жәнібек Кенжебаев.

Дегенмен, бұл жағдайға нақты баға беру үшін арнайы мамандар тарапынан қосымша зерттеулер қажет.

Экспедиция өз сапарын жалғастырып, сайын даладағы ахуалды бақылап, дерек жинауда. Жиналған мәліметтер алдағы уақытта мал шаруашылығы мен табиғи тепе-теңдіктің жай-күйін тереңірек зерделеуге негіз болмақ.

Еске сала кетсек, Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы 2026 жылдың 1 мамырында Астанада басталды. Бұл – Қазақстанның Turan мал шаруашылығы қауымдастығы ұйымдастырып отырған 16 күндік реалити-шоу элементтері бар далалық білім беру медиажобасы.

Экспедиция бағыты Қазақстанның кемінде 10 өңірін қамтып, 6000 шақырымнан астам жолды жүріп өтеді. Жобаға 40-қа жуық фермер, сарапшы, кәсіп иелері мен сала өкілдері қатысуда. Экспедиция барысында қатысушылар нақты шаруашылықтарда жұмыс істеп, мал шаруашылығы экономикасын талдап, саланың негізгі мәселелері мен даму нүктелерін анықтайды.

Жоба қорытындысы бойынша Қазақстандағы ет бағытындағы мал шаруашылығының жай-күйі туралы аналитикалық есеп дайындалып, сондай-ақ көпсериялы реалити және деректі фильм шығару жоспарланған.