Жаппай көкпар федерациясын ресми акредиттеуден өтті

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ҚР Жаппай көкпар федерациясын ресми акредиттеуден өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылы құрылған федерация бұған дейін бірқатар жұмыс атқарды. Халық арасында өте кең таралған ұлттық спортымыздың ережесін жазып, бекітті. Жаңа ережеге сай тәртіп бұзған спортшыларға қатаң жаза қолданатын болды. Нәтижесінде жаппай көкпардағы тәртіпсіздік азайды. Үздік шабандоздарға жүлде тағайындалды. Серкенің салмағы бекітілді. Тиісінше ұлттық спортымыздың жанкүйері көбейіп, барлық көкпардың деңгейі теңесті.

Бұған дейін жаппай көкпарда біріңғай ереженің сақталмауынан ат пен адамға төнетін қауіптің болғаны жасырын емес. Ендігі бұл спорт түрінің кем-кетігін түзеу үшін ереже мен талап күшеймек. Алдағы уақытта өтетін барлық ойындар енді ҚР Туризм және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің тікелей бақылауымен жүзеге асады.

Ұлттық спорттың төресіне айналған жаппай көкпар енді тікелей Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қарауында.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Жаппай көкпар федерациясының Президенті белгілі ұлттық спорт жанашыры Ғани Ерғалиұлы Дирманов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы