Жапонияның Қазақстандағы жаңа елшісі: Ғажайып елде қызмет ету – ерекше құрмет

Бұл туралы Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ииджима Ясумаса Қазақстандағы Жапония елшісі ретіндегі миссиясын 2024 жылы желтоқсанда бастаған.
Мен бұл қызметке былтырдың желтоқсан айының соңында кірістім, ал бүгінгі қабылдау – сіздермен ресми түрде жүздесуге алғаш рет мүмкіндік беріп отыр. Бұл – Қазақстандағы екінші, ал Орталық Азиядағы төртінші дипломатиялық миссиям. Осы аймақта мен жалпы 8 жыл қызмет еттім. Сондай-ақ Ресейде 5 рет, оның ішінде Кеңес Одағы кезінде де жұмыс істеп, барлығы 12 жыл еңбек еттім. Осы ғажайып елдеқайтадан қызмет ету – мен үшін ерекше құрмет, - деді дипломат.
Оның сөзінше, Жапонияның Орталық Азияға қатысты саясаты аймақтың егемендігі, бейбітшілігі және тұрақты дамуы жұмыстарында көмектесуге бағытталған.

Жапония өзінің озық технологиялары мен кең тәжірибесі арқылы аймақтың нығаюына қолдау көрсетіп, Қазақстанның ең маңызды серіктестігің біріне айналатынына сенімдімін. Биыл Жапония мен Қазақстан саяси, экономикалық, мәдени және адами байланыстарды белсенді түрде нығайтады. Былтыр жер сілкінісіне байланысты кейінге шегерілген “Орталық Азия + Жапония” саммиті өтеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар келесі айда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Жапонияға сапар жасайды, ал биыл тамыз айында Осакадағы ЭКСПО-2025 көрмесіндегі Қазақстан күніне орай жоғары деңгейдегі делегация Жапонияға келеді. Бұл іс-шаралар екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз, - деп айтты Ииджима Ясумаса.
Ол жапондық кәсіпкерлер елімізбен қай бағыттағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Жапон компанияларының Қазақстанмен ынтымақтасуға жоғары қызығушылығы Украинадағы соғыс әсерінен одан әрі арта түсті. Каспий теңізіндегі мұнай кен орындарын игеру және уран өндірісімен қоса, сирек және түсті металдардың бірнеше түрінің өндірісіне ерекше назар аударып отыр. Сондай-ақ Қазақстанның мұнай саласымен қатар, табиғи газ өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл жапондық жаңа инвесторларды тартатыны сөзсіз. Жапон компанияларының Ресей аумағы арқылы әуе және теміржол көлігін пайдаланудан алшақтауы нәтижесінде, Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстанның Азия, Еуропа және Оңтүстік Азияны байланыстыратын маңызды тасымалдау хабы бола алатынына сенімі арта түсті, - деп қоса кетті жапон дипломаты.
Елші атағандай, Қазақстанда жапон мәдениетіне ерекше қызығушылық танытатын белсенді қауым бар. Олар жапон тіліне, икебана өнеріне, шай рәсіміне, жекпе-жек өнеріне, аниме мен мангаға ерекше ықыласпен қарайды.
Салтанатты жиында Н.Сәрсенбай мырза ("Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ревизиялық комиссиясының Төрағасы, ҚР-дағы JICA түлектері қауымдастығының Президенті) "Күншығыс, Алтын шуақ" орденімен марапатталды.
23 ақпан Жапонияда қандай мереке?
Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі Ұлы Мәртебелі Жапония Императоры Нарухитоның туған күнін атап өтті. Жапонияда 23 ақпан - Ұлы мәртебелі Император Нарухитоның туған күні ұлттық мереке. Жапон жыл санауы бойынша 2025 жылы “Рейва (әдемі үйлесімділік)” дәуірінің 7-ші жылы орнап, Ұлы мәртебелі Император Нарухито 65 жасқа толды.
Жапония елшілігі ұлттық мерекені атап өтті.
Баршаңызды Жапония Императорының 65 жылдық мерейтойына арналған Ұлттық күн қабылдауында қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Жапонияның Императорлық әулеті 1500 жылдан астам тарихқа ие. Оның мәртебелі Император мемлекет пен жапон халқының бірлігінің символы ретінде ұлттық тұтастықты, әлеуметтік үйлесімділік пен тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарады, - деді Ииджима Ясумаса салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ бүгін, 3 наурызда жапон халқы “Хинамацури (қыздар мерекесі немесе қуыршақтар фестивалі)” мерекесін атап өтіп жатыр. Осы күні бүлдіршін қыздары бар әр отбасы “хина нингё” арнайы дәстүрлі қуыршақтарды үйіне қояды.
Бұл мерекені де атап өту үшін елшілік биылғы қабылдауында жапон ұлттық қуыршақтарының көрмесін ұсынды. Сонымен қатар қонақтар жапон компаниясының танымал көліктерімен де таныса алды.
Іс-шараның ашылу рәсімінде “Кагами вари (сакэ құйылған бөшкені жару)” дәстүрлі жапон салтанаты өткізілді. Оған қоса қонақтар Жапония елшісінің бас аспазы дайындаған жапон тағамдарының дәмін татты.