Жапониядағы жер сілкінісі: Кемінде 13 адам қаза тапты
Табиғи апат салдарынан шамамен 50 мың үй электр қуатынсыз қалды.
Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кумамото префектурасында 7,1 балдық күшті жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апат салдарынан кемінде 13 адам қаза тапты, деп хабарлады Euronews.
Жапон метеорологиялық агенттігінің (JMA) мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Кумамото жағалауындағы теңіз түбінде, шамамен 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Дүмпулерден кейін цунами қаупі жарияланғанымен, кейін ескерту тоқтатылды.
Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, бірқатар ғимараттар зақымданып, кей жерлерде құлау жағдайлары болған. Яцуширо қаласында бірнеше адам хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат түскен. Сонымен қатар Nippon Paper компаниясының зауытында мұржаның құлағаны хабарланды.
Жер сілкінісінен кейін шамамен 300 мың тұрғынға қауіпсіз жерлерге эвакуациялану туралы нұсқау берілді. Құтқару жұмыстарына Жапонияның өзін-өзі қорғау күштерінің 3,6 мыңға жуық қызметкері тартылды.
Табиғи апат салдарынан шамамен 50 мың үй электр қуатынсыз қалды. Аймақта теміржол қатынасы, оның ішінде жоғары жылдамдықты шинкансен пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити тұрғындарды жағалау аймақтарына жақындамауға шақырып, төтенше жағдайлар жөніндегі жедел топ құрылғанын мәлімдеді. Үкімет зардап көлемін бағалап, қалпына келтіру жұмыстарына дайындық жүргізіп жатыр.
Жапонияның ядролық реттеу басқармасы Кюсю аралындағы «Сандай» және «Генкай» атом электр станцияларында төтенше жағдай тіркелмегенін хабарлады.
Күшті жер асты дүмпулері Оңтүстік Кореяның кейбір аймақтарында, соның ішінде Пусан қаласында да сезілген.
Бұған дейін Жапонияда күшті жер сілкінісі болып, кемінде 50 адам жарақат алғанын жазғанбыз.