Бүгiн 2026, 15:11 Фото: Kyodo

Жапонияда ЖИ-робот тәжірибелі үстел теннисі ойыншыларын жеңді

Жасанды интеллектпен басқарылатын Ace роботы тәжірибелі спортшыларды жеңіп, ғалымдарды таңғалдырды.

Sony Group компаниясының жасанды интеллект бөлімшесі қатысқан зерттеу тобы тәжірибелі үстел теннисі ойыншыларымен тең дәрежеде ойнап, оларды жеңе алатын жасанды интеллекті бар робот жасағанын хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ Kyodo агенттігіне сілтеме жасап.

Sony AI әзірлеген Ace атты автономды робот сегіз буынды қолмен жабдықталған. Ол үстел айналасына орнатылған бірнеше камера арқылы доптың жоғары жылдамдықтағы қозғалысын бақылайды. Роботтың барлық әрекетін жасанды интеллект басқарады. Бұл туралы 22 сәуірде Ұлыбританияның Nature ғылыми журналында жарияланған мақалада айтылған.

Ace он жылдан астам жарыс тәжірибесі бар бес ойыншымен кездесіп, олардың үшеуін жеңген. Ал қазіргі кәсіпқой екі спортшыға қарсы үш жеңіске дейінгі серияда жеңілгенімен, жеті партияның біреуінде жеңіске жеткен.

Робот допқа берілген түрлі айналдыру тәсілдеріне сәтті бейімделіп, торға тиіп бағыты өзгерген доптарды да қайтара алған.

Ace алғаш рет жасанды интеллект жүйелерінің интерактивті физикалық ойындарда адамнан басым түсе алатынын көрсетті, – делінген мақалада.

Авторлардың айтуынша, үстел теннисіндегі бұл жетістік осындай технологияларды өндірістік және сервистік робот техникасында қолдануға мүмкіндік ашады.