Жапонияда «Жаңа Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыз мейрамы қарсаңында, сондай-ақ Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай Жапониядағы ҚР елшілігі жапон достарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды. 

Сонымен қатар іс-шара барысында «Достық» ордені және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен марапаттау рәсімі өтті.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұстары талқыланды. Қатысушыларға жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы туралы баяндалды.

Қазақстанды одан әрі дамытуға және қоғамымызды демократияландыруға ықпал ететін суперпрезиденттік формадан парламенті күшті президенттік республикаға көшу сияқты маңызды саяси бастамаларға ерекше назар аударылды.

Қазақстан Елшісі Сабр Есімбеков Мемлекет басшысының жолдауында азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу деңгейін арттыру мақсаты айқындалғанын атап өтті. Дөңгелек үстел қатысушылары мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістердің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру міндеттерін қолдады. Қазақстанның жапондық достары сонымен қатар болашақ ілгерілеудің басты факторы ретінде қазақстандық қоғамның бірігу мақсаттарын қолдайтындарын жеткізді.

Өз кезегінде, қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағын талқылап, Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейтудің жаңа бағыттарын белгіледі.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жарлықтарымен марапатталған, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының тарихын зерттеушісі, Хоккайдо университетінің профессоры Томохико Уямаға ІІ дәрежелі «Достық» орденін және 1993-1996 жылдар аралығында Қазақстанда қызмет атқарған Жапонияның Қазақстандағы тұңғыш елшісі Акира Мацуиге «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалін тапсыру рәсімі өтті.

Марапатталғандар Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына жоғары наградалар үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның одан әрі гүлдене беруін тіледі. Профессор Т.Уяма бұл награданы бүкіл ғылыми-зерттеу корпусы мен қазақстандық әріптестеріне арнайтынын айтып, алғыс сезімі мен жылы лебізін қазақ тілінде жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы