Жапонияда Сакурадзима жанартауы атқылады
Жапонияның оңтүстігіндегі Кагосима шығанағындағы түбекте орналасқан Сакурадзима жанартауы атқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Kyodo агенттігі Жапонияның Метеорология басқармасына сілтеме жасап мәлімдеді.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, жанартау 00:57-де жергілікті уақыт бойынша атқылаған. Күл бағаны шамамен 4 400 метр биіктікке көтерілген.
Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер немесе қайтыс болғандар жоқ. Жақын маңдағы елді мекендерде де ғимараттарға зақым келгені тіркелмеген.
Атқылаудан кейін жанартаудың белсенділігі жалғасқан. Билік көршілес префектураларға түтін мен күлдің таралу қаупі туралы ескерту жасады.
Сакурадзима – Жапониядағы ең белсенді жанартаулардың бірі. 2016 жылдың ақпанынан бері оның кратеріне кіруге шектеу қойылған: жанартауға екі шақырымнан жақындауға тыйым салынған.
Айта кетейік, жанартау орналасқан түбек бір кездері Кагосима шығанағындағы бөлек арал болған. Алайда 1914 жылғы Жапония тарихындағы ең ірі атқылау кезінде аққан лава шығанақтың шығыс бөлігін толтырып, аралды Осуми түбегімен қосып жіберген.