Жапонияда парламенттің төменгі палатасы таратылды
Жапония парламентінің төменгі палатасы – Өкілдер палатасы мерзімінен бұрын өтетін жалпыұлттық сайлау өткізу үшін таратылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Kyodo агенттігінің мәліметіне сәйкес, Өкілдер палатасы таңертең өткен жаңа заң шығару сессиясының алғашқы отырысында өздігінен тарау туралы шешім қабылдаған.
Әдетте өкілеттік мерзімі 2028 жылы аяқталуы тиіс болған парламенттің таратылуы мерзімінен бұрын сайлау үдерісін ресми түрде бастап отыр. 8 ақпанға жоспарланған дауыс берудің алдындағы сайлауалды науқан 27 қаңтарда басталады.
Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаити бұған дейін Өкілдер палатасы 23 қаңтарда мерзімінен бұрын сайлауға дайындық аясында таратылатынын мәлімдеген болатын.
Биліктегі Либералдық-демократиялық партия басшылығы ауысқаннан кейін премьер-министр қызметіне кіріскен Такаити мерзімінен бұрын сайлау өткізуді сайлаушылардың өзіне деген сенім мандатын алу үшін қажет деп санайтынын айтты.
Премьер-министрдің сөзінше, бұл шешім арқылы ол "үкімет басындағы қызметін тәуекелге тігіп, алдағы мандат мәселесін сайлаушылардың төрелігіне ұсынады".