16 Тамыз 2026, 17:16 Фото: istockphoto.com

Жапонияда нөсер жауын мен су тасқынынан тоғыз адам қаза тапты

Табиғи апаттан мыңнан астам үйді су басып, көлік қатынасы бұзылды.

Жапонияның шығысында нөсер жауын мен одан кейінгі су тасқыны салдарынан тоғыз адам қаза тапты. Табиғи апаттан әсіресе Тиба префектурасы қатты зардап шекті. Мұнда мыңнан астам үйді су басып, автомобиль және теміржол қатынасы бұзылды, электр қуаты өшті.

Нөсер жауын 2026 жылғы 13 тамызда кешкі уақытта басталды. Көшкін қаупіне байланысты Жапонияның метеорологиялық агенттігі Тиба префектурасында алғаш рет нөсер жауынға байланысты ең жоғары деңгейдегі ескерту жариялады. Ведомство өкілдері жауын-шашын мөлшері «бұрын-соңды болмаған деңгейде» болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Тәулік ішінде префектурадағы метеостанциялардың бірі шамамен 300 мм жауын-шашын тіркеді. Тиба қаласының өзінде жұма күні таңға дейін әдетте бүкіл тамыз айында түсетін жауын-шашын мөлшерінен үш еседен астам көп жаңбыр жауған. Соның салдарынан биылғы тамыз бұл аудан үшін соңғы алты онжылдықтағы ең жауын-шашынды ай болды.

NHK мәліметінше, қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Бұған дейін жергілікті билік сегіз адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Кейбір адамдар су басқан көліктердің ішінде қалып қойған, ал басқалары су астында қалған көшелерден табылған. Табиғи апат тұрғын үйлерге де зақым келтірді. 70-тен астам ғимарат ішінара қирап, мыңнан астам үй шаруашылығы үйлерін су басқанын хабарлады. 600-ге жуық үйде су еден деңгейінен жоғары көтерілген.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, жолдарда тастап кеткен 1200-ге жуық көлік қалған. Билік оларды эвакуациялап, су басқан аумақтарды тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ғалымдар нөсер жауын секілді төтенше ауа райы құбылыстарының жиілеп, күшеюін адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруімен байланыстырады.