Жапонияда G20 саммиті басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жапонияның Осака қаласында Үлкен жиырмалық елдері басшыларының екі күндік отырысы ашылды деп хабарлады шетелдік ақпарат агенттіктері.
Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ барлық мемлекет басшыларын қарсы алды. Үлкен жиырмалық отырысы 28-29 маусым күндерге жоспарланған. Төрт сессия барысында тараптар сауда, әлемдік экономика және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылайды.
Кездесулерде сондай-ақ, ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін ірі корпорацияларға халықаралық салық салу жүйесін енгізу тақырыбы да қозғалады деп күтілуде.
Экология саласында әлемдік мұхитты ластайтын пластикалық қоқыстың үлкен көлемі мәселесіне баса назар аударылатын болады. Жапония 2050 жылға дейін мұхитқа пластикалық қалдықтардың шығарылуын нөлге дейін қысқарту бастамасын ұсынбақ.
Осакадағы G20 мемлекеттерінің көшбасшыларынан басқа Вьетнам мен Таиланд, Сингапур, Нидерланды, Египет, Испания, Сенегал және Чили көшбасшылары шақырылды.
Кездесуге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Дүниежүзілік банктің президенті Дэвид Мэлпас және Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард пен жетекші халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады. Саммит аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ кездесті.