16 Қыркүйек 2026, 07:42 Фото: pixabay

Жапонияда 100 жастан асқан адамдар саны алғаш рет 100 мыңнан асты

Қазіргі таңда Жапонияда өмір сүрудің орташа ұзақтығы әйелдер үшін 87,33 жас, ерлер үшін 81,35 жас.

Жапонияда 100 және одан жоғары жастағы адамдар саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 107 677 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 914 адамға көп. Осылайша көрсеткіш 56 жыл қатарынан өсіп келеді.

Жапония Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің мәліметінше, ұзақ жасағандардың 87,6 пайызы – әйелдер. Олардың саны 94 298 адамға жеткен. Ел бойынша әр 100 мың тұрғынға шаққанда 100 жастан асқан 87,51 адамнан келеді.

Денсаулық сақтау министрі Кэнъитиро Уэноның айтуынша, медициналық технологиялардың дамуы адамдардың ұзақ әрі белсенді өмір сүруіне ықпал етіп отыр. Сонымен қатар халықтың қартаюына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тұрақтылығын сақтау маңызды.

Жапонияда халықтың қартаюы мен туу көрсеткішінің төмендеуі мемлекеттік әлеуметтік шығындарға түсетін салмақты арттырып келеді.

Ұзақ жасағандар саны бойынша рекордтық өсім бірнеше онжылдық бойы жалғасып келеді. 1963 жылы елде 100 жастан асқан небәрі 153 адам болса, 1981 жылы бұл көрсеткіш 1 мыңға, 1998 жылы 10 мыңға, ал 2012 жылы 50 мыңға жеткен.

Қазіргі таңда Жапонияда өмір сүрудің орташа ұзақтығы әйелдер үшін 87,33 жас, ерлер үшін 81,35 жас.