Жапония жағалауында лайнерде болған қазақстандықтар вирус жұқтырмаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жапония жағалауындағы Diamond Princess лайнерінде болған қазақстандықтардың 2-еуі коронавирустан тексерілгенін хабарлады. Азаматтардан коронавирустық инфекция табылған жоқ. 

Бұл туралы ол бүгін елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті. 

Кемеде 4 адам болды. Бүгін біз сараптама көшірмелерін алдық, олардың екеуінен коронавирус анықталмады. Қалған екі адам бойынша ақпарат анықталып жатыр, байланыстамыз, - деді министр Елжан Біртанов. 

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров круиз лайнерінде қалып қойған қазақстандықтар туралы мәлімет берген еді. Лайнерде қазақстандық екі әйел және 8 бен 12 жастағы екі бала бар екенін мәлімдеген болатын. 

Өздеріңізге мәлім, Жапонияда 3700 жолаушысы бар круиз лайнерінде 1 адамнан коронавирус табылған соң карантин жарияланғаны хабарланды. Diamond Princess кемесі 20 қаңтарда Йокогамадан шыққан, 3 ақпанда портқа оралған еді. 

Жапония билігі оның бортындағы қытайлықтан коронавирус табылғандықтан, 19 ақпанға дейін карантин жариялады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы