Жапония шетелдіктерге кіруге шектеу қойып, шекарасын жауып алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жапония үкіметі шетелдік азаматтар үшін шекарасын уақытша жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ТАСС хабарлайды.
Елге кіруге уақытша тыйым әлемнің барлық елдері мен өңірлерінің азаматтарына қатысты енгізіледі. Мұндай шара 2020 жылғы 28 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы қаңтардың соңына дейін қолданылатын болады.
Осы жылдың желтоқсан айында Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа штаммы Жапонияда табылды деп хабарланған болатын. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Норихиса Тамура мәлімдеді. Ұлыбританиядан оралған Жапонияның бес азаматында COVID-19 жаңа түрінің инфекциясы расталды. Олардың барлығы карантинге жіберілген.
Коронавирустың қауіпті мутациясы алғаш рет Ұлыбританияда қыркүйекте табылды. Қазіргі уақытта жаңа штамммен инфекцияның мыңға жуық жағдайы тіркелді. Мутация Швейцария, Нидерланды, Дания, Австралия, Испания, Франция және Италиядағы пациенттерде де анықталды. Жаңа және дамып келе жатқан респираторлық вирустық қауіп туралы Британдық Кеңес коронавирустың бұл нұсқасы тезірек таралатынын айтты.