Жапония, Оңтүстік Корея, Қытайдан неге кем болуымыз керек? – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында шимайдың астында қалып жатқан жерлер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Тоқаев вандализм мәселесіне де тоқталды.
Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! – деп сұрады Мемлекет басшысы.
Тоқаев мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік деп атады.
Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек? – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.