Бүгiн 2026, 02:34 Фото: depositphotos.com

Жапония алғаш рет өлімге әкелетін қару экспортына рұқсат етті

Сарапшылар бұл қадамды Жапонияның қорғаныс саясаты мен халықаралық рөліндегі маңызды бетбұрыс ретінде бағалап отыр.

Жапония Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет өлімге әкелетін қару-жарақты шетелге экспорттауға рұқсат беретін шешім қабылдады. Бұл туралы елдің министрлер кабинеті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

Жаңа заңнамалық түзетулерге сәйкес, бұған дейін тек қорғанысқа арналған немесе өлімге әкелмейтін әскери техниканы ғана экспорттауға рұқсат етіліп келген шектеулер алынып тасталды. Енді Жапония кез келген қорғаныс техникасын сыртқа сатуға мүмкіндік алады.

Шешімді Санаэ Такаити үкіметі бекіткен. Ресми Токио бұл қадамды «аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған» деп түсіндірді.

Жапония үкіметінің өкілі Минору Кихара бұл өзгерістер елдің қауіпсіздік саясатына жаңа кезең әкелетінін айтып, қазіргі геосаяси жағдайда бір елдің жалғыз өзі бейбітшілікті қамтамасыз ете алмайтынын атап өтті.

Жаңа ережелер Жапонияның халықаралық қару нарығына шығуына жол ашып, экономикалық өсімді ынталандырумен қатар, Қытай, Ресей және Солтүстік Корея тарапынан күшейіп отырған әскери белсенділікке жауап ретінде қарастырылып отыр.

Алайда бұл шешім ел ішінде сынға ұшырады. Қоғамның бір бөлігі Жапонияның соғыстан кейінгі пацифистік ұстанымынан ауытқығанын айтып, қарсылық білдірген. Сауалнамаларға сәйкес, халықтың жартысынан астамы қару экспортын кеңейтуді қолдамайды.

Сарапшылар бұл қадамды Жапонияның қорғаныс саясаты мен халықаралық рөліндегі маңызды бетбұрыс ретінде бағалап отыр.