Жапония 2011 жылдан кейін алғаш рет жаңа АЭС салуды жоспарлап отыр
Фукусима апатынан кейін тоқтап қалған Жапонияның атом энергетикасы қайта жандану сатысына бет алуы мүмкін. Kansai Electric Power Co. компаниясы Фукуи префектурасындағы "Михама" АЭС-ның бірінші энергоблогын қайта құру мүмкіндігін зерттеуге ниетті, деп хабарлайды BAQ.KZ NHK телеарнасына сілтеме жасап.
Компания қазіргі уақытта станция аумағында геологиялық зерттеулер жүргізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Егер зерттеу оң нәтиже берсе және жобалау басталса, бұл 2011 жылғы Фукусима-1 АЭС апатынан кейін Жапонияда алғаш рет жаңа энергоблок салу бастамасы болмақ. Қазіргі таңда "Михама" станциясының екі энергоблогы жұмыс істемейді.
Телеарна деректеріне сүйенсек, Kansai Electric компаниясы тамыз айының ортасында зерттеу жұмыстарының басталғаны туралы ресми мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр. Алайда жобаға қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Бұл жаңалық Жапониядағы энергетикалық саясаттың өзгеріп келе жатқанын аңғартады. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы орын алған жойқын зілзаладан кейін Фукусима-1 атом электр станциясында жарылыс болып, жапон қоғамында атом энергетикасына деген сенім күрт төмендеген еді. Содан бері елдегі АЭС-тердің басым бөлігі уақытша немесе толық тоқтатылған болатын.
Айта кету керек, атом энергетикасына қайта бет бұру тек Жапонияда ғана емес, жаһандық деңгейде де байқалуда. Мысалы, The Wall Street Journal мәліметіне сәйкес, биылғы 23 маусымда АҚШ-тың Нью-Йорк штаты соңғы 15 жыл ішінде алғаш рет ірі атом электр станциясын салуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Губернатор Кэти Хокул кемінде 1 гигаватт қуат өндіретін жаңа реактор салуға тапсырма берген.
Энергетикалық қауіпсіздік, көміртекті азайту және тұрақты энергия көздерін арттыру мақсатында атом энергетикасы әлем елдерінің стратегиялық таңдауына айналып келеді.