Жапон мәдениетіне қызығатын қазақтар көп – елші

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда жапон мәдениетіне деген қызығушылардың саны артып келеді. Бұл туралы Жапонияның Қазақстан Республикасына тағайындалған елшісі Тацухико Касай айтты.

Видео: Кенжетай Ақсейітов

Жапонияның Қазақстандағы елшілігі мен жапон мәдениетіне қызығатын «Honey Bunny Sweets» тобы бірлесіп, Астанада «Жапон мәдениеті және анимация» фестивалін өткізді. Қала тұрғындары мен қонақтары Жапония мәдениетімен жақын танысты.

Елордалықтарға «ninjitsu Astana bujinkan dojo» клубының шеберлігі, Косплей-жарыс, кимоно-дефиле, оригами, сурет салу және жапон тілінен, үстел ойындарынан шеберлік көрсетілді. Музыкалық топтар ән шырқап, бишілер билеп берді.

Жаңадан тағайындалған елші қазақ пен жапонның «тамыры бір» дегенді естігенін айтты.

«Қазақстанда көп адамның жапон мәдениетіне қызығатынына және осы шараның  ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Бүгін жапон мәдениетінің бөлігін, атап айтқанда кимоно т.б. көрсетіп жатырмыз. Бағдарлама қызықты болады деп ойлаймын. Қазақ жастарының жапон мәдениетіне қатты қызығатыны мені қуантады. Маған бұрын қазақтар мен жапондар бір жерде өмір сүргенін айтқан болатын. Балық жақсы көретіндер шығысқа қарай, ет жақсы көретіндер батысқа қарай көшіп кеткен. Сосын батысқа кеткендер қазақ болып кеткен. Сондықтан біздің «тамырымыз бір», - деді Тацухико Касай.

Жапон мәденииетіндегі нинзялардың орны ерекше. «ninjitsu Astana bujinkan dojo» клубының мүшесі Виталий Акулов аталған өнердің спортқа жатпайтынын жеткізді.

«Біз Жапонияда жүйеге келтірілген әскери өнермен айналысамыз. Бұл неге спорт емес, неге жекпе-жек емес дегенге келсек, бұл өмір сүруді үйрететін өнер. Яғни кез келген техниканы үйренгенде ауыртпалық сезімін үйренеміз, рухани практикада табиғатпен сырласамыз. Біз ешқандай жарыстарға қатыспаймыз, спорттың ешбір түріне жатпайды. Менің бұл өнермен айналысып жүргеніме көп болған жоқ. 1993 жылдан бері айналысып келемін. Біздің өлшем бойынша бұл аз. Бұл өнер кез келген жағдайды дұрыс қабылдай білуді, дұрыс жауап қайтаруды үйретеді. Яғни өмір сүруді үйретеді. Бізге рухани кітаптар, қайсысы болмасын, ислам, христиан, буддизмде үйрететін дүниелердің барлығын осы өнерден үйрене аламыз», - деді шебер.

Айтуынша, халық спортқа барса, жарысқа қатысқысы келеді. Бірақ олардың әскери өнері адамның өз-өзімен жарысуын қадағалайды.

«Қазақстан бойынша екі орталығымыз бар. Алматыда филиалымыз бар. Біз туралы көп біле бермейді. Жарнама береміз. Бірақ адамдар жарысқысы келеді. Кейін бізбен жаттыққаннан кейін ғана өнердің мәнін түсінеді. Біз тек өз-өзімізбен жарысамыз. Жаттығу барысында түпнұсқаға жақын қару қолданамыз. Түпнұсқа қылышты қолдануға болмайды, себебі қауіпті. Барлық техника шынайы қаруға жақындау қылып жасалынады. Ол адамның қарудан және қарумен шабуыл жасайтыннан қорықпауы үшін жасалынады», - деді Акулов.


Рахиля Бекназарқызы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы