Бүгiн 2026, 16:06 Фото: Ақорда

Жапаров ЕАЭО-да шағын бизнесті өндірістік тізбекке қосуды ұсынды

Қырғызстан президенті бірлескен өндірістерді жергіліктендіруге шақырды.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өнеркәсіптік кооперация әзірге негізінен ірі ойыншылардың үлесінде қалып отырғанын айтты. Ол бұл туралы Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ЕАЭО аясында өнеркәсіп саласындағы кооперациялық жобалар үшін пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі іске қосылған. Алдағы уақытта бұл құралды агроөнеркәсіп саласындағы жобаларға да қолдану жоспарланып отыр.

Әрбір өнеркәсіптік жоба – жаңа жұмыс орындары, жаңа технологиялар және елдеріміздің экономикалары арасындағы байланысты нақты нығайту. Бұл – ортақ өнеркәсіптік кеңістікке қарай жасалған қадам, – деді Садыр Жапаров.

Сонымен қатар Қырғызстан президенті шағын және орта бизнестің Одақтың өндірістік тізбектеріне әлі де жеткілікті деңгейде тартылмай отырғанын атап өтті.

Алайда ЕАЭО-дағы кооперация әлі де негізінен ірі ойыншылардың үлесінде қалып отыр. Шағын және орта бизнес Одақтағы ірі кәсіпорындардың жеткізу тізбегіне іс жүзінде кіріктірілмеген, – деді Жапаров.

Ол сондай-ақ экономикасы шағын елдер аумағында бірлескен өндірістерді жергіліктендіру қажеттігіне тоқталды.

Экономикасы шағын мемлекеттер аумағында бірлескен өндірістерді жергіліктендіру іс жүзінде жүзеге асырылмай жатыр, – деді Қырғызстан президенті.

Оның сөзінше, Қырғызстан жыл соңына дейін Еуразиялық экономикалық комиссия экономикасы шағын мемлекеттердегі бірлескен өндірістік қуаттарды жергіліктендіруді ынталандыру тетігін келісіп, мүше елдерге ұсынады деп үміттенеді.

Бұған дейін Тоқаев ЕАЭО-ның Үндістанмен еркін сауда аймағын құру мәселесіне тоқталған еді.