"Жап-жасыл бұтақтарды отап кеткен". Алматылықтар қаладағы ағаштардың кесілуіне наразы
Алматылықтар Момышұлы көшесіндегі ағаштардың кесіліп жатқанына наразылық білдіруде. Тұрғындардың пікірінше, оталған бұтақтардың 97%-дан астамы сау және жасыл желектер, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, Момышұлы көшесіндегі ағаштарды кесу жұмыстары 2022 жылдың қыркүйегінде және 2023 жылдың наурыз айында екі рет жүргізілген.
Жаз басталғалы көлеңке саялап, күннен қорғанамыз. Қараңызшы, бұл табиғатқа қиянат емес пе? Қайтадан көшеттерді отырғызып, оны өсіруге жылдар қажет. Ағаштарды кескенше, тұрғын үйлердің ауласын, балалар алаңын неге ретке келтірмейді? Қаладағы ғимараттар ескіріп, тозып кеткен. Әкімдіктерге айтарым, табиғатымызды аялайық, бей-берекет ағаш кесуді доғарыңыздар. Бұрын қаламызды Көк Төбеден қарағанда жап-жасыл болатын. Ал қазір үлкен ғимараттар мен көп қабатты үйлерден көз сүрінеді, – дейді Танзиля Абдрашитова есімді қала тұрғыны.
Тұрғындардың пікірінше, қала бюджетінен ағаштарды кесуді доғару қажет. Кейбір мердігерлік ұйым қомақты қаражатқа ие болу үшін, жасыл желекке аяушылық танытуды естен шығарған. Бұл ретте жасыл желек қурамауы үшін суару жұмыстарына қаражатты арттырған жөн дейді.
Жол жиегінен өтіп бара жатып, осындай әркеттің күәгері болдым. Жап-жасыл бұтақтарды отап кеткен. Жұмысшылардан істің мәнісін сұрағаным да мардымды жауап қайтармады. Осылайша фотоға түсіріп алуды жөн санадым. Момышұлы көшесінде үшінші рет ағаш кесу жұмыстары жүргізілді. Бұлай жалғаса берсе ағаш қалмайтыны сөзсіз. Бұл істің мән-жайын анықталғанын қалаймын. Меніңше, әкімдіктің бюджетінен ағаш кесуді доғару қажет. Ақша үшін мердігерлік ұйымдар мыңдаған ағашты отап тастайтынына көзіміз жетті, – дейді Санжар Сайфул есімді қала тұрғыны.
Бұл мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, Әуезов ауданының әкімдігіне хабарластық.
Аталған мекенжай бойынша ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары жүргізілді. Осылайша құрғақ бұтақтарды жоюға, ағаштарда кездесетін аурудың таралуына, тұрғындарға қауіп төнбеуіне назар аударамыз. Әуезов ауданында ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары үнемі жүргізіледі. Уақытша келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз, – дейді Әуезов ауданының әкімдігі.
Экобелсенділер анықтағандай, Алматыда жаңа отырғызылған көшеттердің шамамен үштен бірі қурап қалады да, артынша жаңаларымен ауыстырылады. Олардың байламынша, көшет егу, оны суару, күтім жасау, зиянкестерден, өсімдік індеттерінен қорғау кешенді түрде жолға қойылуы қажет. Әйтпеген жағдайда, жаңа отырғызылған көшеттерге күтім жасалмайды. Көбісі қурайды дейді. Бұл мәселе шешілмесе, болашақта Алматыда 84 мыңнан аса ағаш жойылуы мүмкін.