"Жанжал әйел тілінің ұзындығынан туындайды". Депутат еркектерді түсінуге шақырды
Мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында депутат Анас Баққожаев отбасындағы жанжал әйелдің кесірінен де туындайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасы бойынша ұсыныстарды қолдаймын. Еркектің ер сорлысы ғана әйел адамға қол көтереді. Дегенмен, ұрыстардың барлығы ұрудан шықпайды ғой. Кішкене ерлерді де түсінуіміз керек. Басында жанжал туындайды. Сол жанжал неден туындайды? Әрине, әйелдің тілінің ұзындығынан. Әйел адамдар мені кешірсін. Бірақ ондай да фактілер бар. Қазақта “Жақсы әйел ырыс, жаман әйел ұрыс” дейді, болмаса “Ерге жаққан әйел елге де жағады” дейді. Біз қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатырмыз, - деді депутат.
Осыған орай Анас Баққожаев үкіметтік органдарға сауал қойды.
Қазіргі таңда оқу орындарында қыз балаларды инабаттылыққа, ибалылыққа тәрбиелейтін қандай сабақтар өткізіліп жатыр? Сондай ынталандыру шаралары бар ма? – деп сұрады депутат.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ұлттық мәдениетті оқыту оқу пәндерінің барлығында бар екенін айтты.
Әсіресе, қазақ әдебиеті мен тарих пәнінде кеңінен қамтылған. Биыл оқу жылынан бастап тәрбие компоненті күшейтілді. Тәрбие бағдарламасын енгізіп отырмыз. Әйел адамдардың қоғамдағы рөлі, ер азаматтармен теңдігі осы мәселелермен насихатталады, - деді ол.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы өтіп жатыр.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде қанша әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтқан еді.
Сондай-ақ өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов заңдарға қандай нормалар енгізілгелі отырғанын атап берді.