24 Қыркүйек 2026, 20:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Жанында үлкен пышағы болған»: Астаналық әйел қаза табардан бұрын полицияға жүгінген

Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза болған әйел қайғылы оқиғаға дейін полицияға екі рет жүгінген. Оның 7 қыркүйектегі арызында күйеуінің үйіне келіп, қорқытқаны және жанында үлкен ас үй пышағы болғаны жазылған. Сондай-ақ әйелде қорғау нұсқамасы болған. Бұл туралы марқұмның жақын туыстары BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

Еске салайық, 23 қыркүйек күні сағат 20:00 шамасында Астанадағы тұрғын үйдің автотұрағында әйелге шабуыл жасалған. Полицияның мәліметінше, әйелге пышақ жарақатын оның бұрынғы күйеуі салған. Жәбірленуші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Марқұмның туыстарының айтуынша, әйел полицияға алғаш рет 18 тамызда арызданған. Ол сол кезде өзін ұрып-соққанын айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген. Ал 7 қыркүйекте әйел полицияға қайта барған.

BAQ.KZ редакциясына ұсынылған арызда әйел күйеуін ұстауды сұраған. Құжатта ер адамның таңертең үйге келгені, әйелге қорқыту жасағаны және өзінде үлкен ас үй пышағы болғаны көрсетілген.

Фото марқұмның туысынан

Ол полицияға алғаш рет 18 тамызда жүгінді. Сол кезде бұл адамның өзін ұрып-соққанын айтып, арыз жазды. Екінші рет 7 қыркүйекте полицияға қайта барды. Ол кезде жағдай әлдеқайда күрделі еді: күйеуінің өзін қылқындырғанын, үйінің маңында ұрып-соққанын, пышақ алып жүргенін және аңдып жүргенін айтты. Яғни ол кезде оның өміріне нақты қауіп төніп тұрғаны белгілі болды. Полицияға оның күш қолданғаны да, әйелді аңдығаны да, жанында пышақ болғаны да белгілі еді. Мұның барлығы қайғылы оқиғаға дейін болған. Бірақ, өкінішке қарай, біздің білуімізше, сол уақытқа дейін оны тауып, ұстай алмады, – дейді марқұмның әпкесі.

Сондай-ақ арызда әйелде полиция қызметкерлерін көрсетілген мекенжайға жіберуді сұраған. Құжатта ерлі-зайыптылардың ажырасу процесінде болғаны да көрсетілген.

Бұған дейін тіркелген шағым бойынша Сығанақ көшесі, 24-үй, 55-пәтерде жүрген күйеуін ұстауды сұрайды. Күйеуі таңертең келіп, қорқытқан, өзімен бірге үлкен ас үй пышағы болған. Әйелде қорғау нұсқамасы бар. Полицияны Сығанақ көшесі, 24-үй, 55-пәтерге жіберуді сұрайды. Ажырасу процесі жүріп жатыр, - деп жазылған арызда.

Фото марқұмның туысынан

Марқұмның туыстары қазір осы екі арыздан кейін қандай шаралар қабылданғанын білгісі келеді.

Бірінші арыздан кейін не істелді? Екінші арызда пышақпен қорқытқаны нақты көрсетілген кезде қандай шара қабылданды? Әйелдің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілді? Егер қайғылы оқиғадан кейін күдіктіні бірнеше сағаттың ішінде ұстау мүмкін болса, неге бұған дейін оны табу мүмкін болмады? – дейді туысы.

Олар ешкімді алдын ала айыптауды көздемейтінін атап өтті. Отбасы үшін бастысы – полицияға түскен екі арыздың қалай қаралғанын және сол кезде қандай нақты шаралар қабылданғанын анықтау.

Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде күдіктінің бұрын полиция қызметкері болғаны туралы ақпарат тараған. Астана қаласының Полиция департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды.

Ал марқұмның жақын туысы күдіктінің бұған дейін Теміртау және Астана қалаларында учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс істегенін айтты. Ол редакцияға ер адамның полиция формасындағы суретін де ұсынды.

Фото марқұмның туысынан

Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Сонымен қатар көршілер камерадан көргені бойынша, күдіктінің қылмыс жасар алдында курьердің киімін киіп келгенін айтты.

Туыстарының айтуынша, марқұмның артында екі кішкентай қызы қалды.