"Жанында анам болған": Үржарда балаларды қағып кеткен жүргізушінің ұлы кешірім сұрады

Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында болған сұмдық апат үш бірдей баланың өмірін қиды, тағы үшеуі ауыр халде жатыр. Басқаруды игере алмаған жүргізуші оларды қағып кеткен. Бұл қайғылы жағдай бүкіл елді дүр сілкіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық балалар ауруханасында зардап шеккен қызға күрделі ота жасалды. Дәрігерлер оның жағдайын әлі де өте ауыр деп бағалап отыр. Тағы екі бала санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілді. Қазір олар жансақтау бөлімінде мамандардың тұрақты бақылауында.

"Информбюро" ақпараттық бағдарламасының хабарлауынша, күдікті – осы ауылдың 55 жастағы тұрғыны. Ұлдарының айтуынша, ол тәжірибелі жүргізуші болған, 20 жыл бойы автобус тізгіндеген. Жол апаты кезінде көлікте жұбайы да отырған. Туыстарының сөзінше, әкесінің жүрегі қысылып, кенеттен ұстама болғандықтан рөлге ие бола алмаған.

Ұстама басталған соң ол көлікті басқара алмай қалды. Жанында анамыз болған. Бұл бәрі күтпеген, әп-сәтте болған жағдай. Өте қайғылы сәт. Біз қайғырып көңіл айттық, кешірім сұраймыз. Мұндай сынақты ешкімнің басына бермесін. Бұндай жағдайды ешкім күтпейді ғой, – деді күдіктінің ұлы Ерқанат Серікұлы.

Қазіргі уақытта полиция қылмыстық іс қозғап, жол апатының себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Еске салсақ, 19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен дәрігерлердің бақылауында.

Президент тапсырмасымен Астанадан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлері Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жеткізілді.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі қайтыс болған балалардың отбасына көмек көрсететінін хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын хабарлады.

Белгілі болғандай, қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барған.

Апаттан кейін жүргізуші қамауға алынды. Үржарда үш баланың қазасына себеп болған жол апаты тергеліп жатыр.

Дәрігерлер балалардың өмірі үшін күресуде. Екі бала Астанаға жеткізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы