«Жанұя» - көпбалалы отбасылардың мәселелерін шешуге атсалысуда

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда Қарағанды қаласында 4000-ға тарта көпбалалы отбасы тұрады. Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй бағдарламалары және басқа мәселелер бойынша кеңес берумен «Жанұя» орталығы айналысады.

Қарағанды қаласында тұратын 3 899 көпбалалы отбасындағы 1951 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» құрметті атағына ие болған. Бұл дегеніңіз қала бойынша 2000-ға тарта отбасы 6 не 7 бала тәрбиелеп отыр деген сөз. Ал биылғы жылы Қарағандыда 1564 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, оның 559-ы көпбалалы жанұя.

Көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек алуға септесетін, бос жұмыс орындарын ұсынып, еңбекпен қамтитын, заңгерлік, құқықтық кеңестер берумен айналысатын, өз ісін бастағысы келетіндерге кәсіпкерлік ісі бойынша көмек көрсететін «Жанұя» орталығы үстіміздегі жылдың маусым айында ашылған болатын.

«Отбасы мектебі» қоғамдық қорының бастамасымен ашылған жобаның мақсаты – көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға барынша қолдау көрсетіп, көмек беру. Біздің орталықта білікті заңгер, психолог, әлеуметтанушы мамандар жұмыс істейді. Олар көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға құқықтық, психологиялық кеңестер беріп, семинарлар мен тренингтер өткізеді,- дейді жобаның үйлестірушісі Жасұлан Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, «Жанұя» орталығына келуші көпбалалы отбасылардың көпшілігі жалға берілетін пәтерлер, атаулы әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау мәселелері бойынша кеңес алған. Сондай-ақ, тұрмыстық қиындықтарға тап болған әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашу жайлы ұсыныстар түскен. Орталықтың жұмысымен танысқан Қарағанды қаласының әкімі бұл бағытта жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.

Әйелдерге арналған дағдарыс орталығын құру жоспарда бар. Сонымен қатар, көпбалалы аналардың өз ісін ашуы үшін грант бөлу бойынша ұсыныстар түскен. «Жанұя» орталығының көптеген аналары кондитерлік, шұжық өнімдерін дайындау бойынша курстарды тәмәмдаған. Олар осы салада өздерін сынап көргісі келеді. Осыған байланысты «Даму кәсіпкерлікті дамыту қорының» және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, аталған мәселені жан-жақты қарастыруды қолға алатын боламыз,- деді қала басшысы Ермағанбет Бөлекбаев.

Қала әкімінің тапсырмасымен енді әрбір көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек баланың әлеуметтік паспорты болады.

Біз мұндай отбасылардың қандай көмекке зәру екендігін және уақытылы қажеттіліктерін ашу үшін олар жайлы барлығын біліп отыруымыз қажет. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардың асыраушыларын жұмыспен қамту және басқа да мәселелерді шешу үшін әрбір отбасымен жеке жұмыс істеуіміз қажет,- деді Е.Бөлекбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы