«Жанұя» әлеуметтік орталығы жыл басынан бері 8 мың адамға көмек көрсетті
«Жанұя» әлеуметтік орталығы жыл басынан бері 8 мың адамға көмек көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Талдықорғанда 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Жанұя» әлеуметтік орталығы тағдыр теперішін көрген азаматтардың қиындықтан шығуына, оларға әлеуметтік қорғау жағынан психологиялық, заңгерлік көмек көрсете отырып, әлеуметтік проблемаларын кешенді түрде шешуге жәрдемдеседі.
Сараптамалық деректерге қарағанда, орталық ашылғаннан бері 2735 адамға психологиялық көмек, 3157 адамға құқықтық көмек, 2320 азаматқа әлеуметтік көмек, 4098 өтініш берушіге Egov.kz порталы арқылы қызмет көрсетілген.
Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік орталық Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бастамасымен құрылды. Оны құрудағы басты міндет - әлеуметтік осал отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру, қалада тұратын, қиын өмірлік жағдайды бастан кешкен азаматтардың сол қиындықтан шығуына дем беріп, ықпал ету, олардың экономикалық тәуелділіктен арылуына қолдау көрсету. Бұл орайда әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар анықталып, қиындықтарының түпкі себептері зерттеледі, одан шығуға көмек көрсетіледі, әлеуметтік қорғаудың түрлі мәселелері шешіледі.
«Жанұя» әлеуметтік орталығының заңгері Ләззат Шайғалиеваның айтуынша, орталық 12 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Яғни ең алдымен психологиялық қолдауға, сондай-ақ психикалық дамуы тежелген балалармен психологиялық-түзету жұмыстарын жүргізуге назар аударылады. Сондай-ақ өтініш берушілерге заңдық жағынан көмек көрсетіледі. Осы ретте ҮЕҰ-мен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Үйде отырып жұмыс істеуді ұйымдастыру, өз жеке ісін ашу мәселелерінде де жәрдем көрсетіледі. «Оған қоса біз денсаулық сақтау және еңбек, әлеуметтік қорғау, көші-қон мәселелері бойынша кеңес береміз, тұрғын үй мәселелерін шешуге көмек көрсетеміз, мұқтаж аналарға оқыту курстарын өткіземіз, мүгедек балаларға тегін массаж қызметтері көрсетіледі. Аз қамтылған отбасылармен тұрақты түрде қарым-қатынас жасаймыз, - деп атап өтті Шайғалиева.
Күн сайын орталыққа кемінде 10 адам жүгінеді екен. Қазіргі уақта арнайы массаж, компьютерлік сауаттылық, шаштараз, киім тігу курстары тегін ұсынылады, визажистер, маникюр шеберлері, аспаздар, кондитерлер дайындалады.
«Талдықорған өңірлік әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ президенті Жанар Нұрмұхановтың айтуынша, «Жанұя» орталығының негізгі миссиясы - халыққа көмек көрсету. Орталықта балалардың да, ересектердің де білім деңгейін дамытуға арналған көптеген бағдарламалар бар.
Бұрын бізге тек әйелдер ғана кеңес сұрап келсе, биыл ер адамдар, көпбалалы әкелер де кеңес үшін жүгіне бастады. Қажет болған жағдайда оларға автослесарларды, механиктерді, электриктерді даярлау курстары жұмыс істейтін болады. Біз әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Біздің орталыққа келгендердің шамамен 70 пайызы орталық туралы сол әлеуметтік желілер арқылы хабардар болғанын айтады. Сондықтан барлық коммуникация құралдарын белсене қолданудың пайдасы зор, - дейді ол.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Жанұя» әлеуметтік орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Кез келген анықтамалық қызметті алу барысында Орталықтың әлеуметтік қызметкерлері қызмет алушылардың сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, нақты кеңестер береді, құжаттарды толтырады және өтініштер қанағаттандырылғанға дейін оларды сүйемелдейді. Орталық Талдықорған қаласы, Желтоқсан көшесі, 222 мекенжайында орналасқан. "Instagram" парақшасы: @zhan.uya.