Жануарларға жанашырлық артты: ЕО ит пен мысыққа қатысты бірыңғай ереже енгізді
ЕО иттер мен мысықтарды міндетті түрде чиптеу және тіркеу талаптарын орындау керектігін еске салды.
Еуропалық одақ елдерінде үй жануарларын ұстау, көбейту және сату бойынша жаңа бірыңғай ережелер бекітілді. Олардың ішінде иттер мен мысықтарды міндетті түрде чиптеу және тіркеу талаптары бар. Бұл туралы BAQ.KZ Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Еуропарламент депутаттары үй жануарларын қорғауды күшейтуге және қатыгездік пен заңсыз саудаға қарсы күреске бағытталған заң жобасын мақұлдады. Енді құжат European Union Council тарапынан бекітілуі тиіс.
Заң талаптарының бірі – барлық иттер мен мысықтарды ұлттық дерекқорларда міндетті түрде чиптеу және тіркеу. Сонымен қатар жануарларды көбейтуге бақылаудың бірыңғай ережелері енгізіледі.
Құжат жануарларға зиян келтіретін тәжірибелерге тыйым салады. Олардың ішінде тұқым қуалайтын аурулары бар жануарларды көбейту, жақын туыстарды шағылыстыру, сондай-ақ көрме немесе сыртқы келбет үшін әдейі жарақат салу әрекеттері бар. Бұдан бөлек, қауіпті қарғыбауларды қолдану шектеліп, ЕО-дан тыс елдерден жануар әкелуге бақылау күшейтіледі.
Жануарларды тасымалдау тәртібі де нақты белгіленген. ЕО аумағына кіргізілетін үй жануарлары шекарадан өтуден кемінде бес жұмыс күні бұрын чиптеліп, ұлттық дерекқорға тіркелуі тиіс. Бұл талаптар коммерциялық емес тасымалдарға да қолданылады.
Үй жануарлары тауар немесе зат емес, отбасының мүшесі ретінде қарастырылуы тиіс, – екенін атап өтті ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрайымы Вероника Вречионова.
Жаңа нормалар ЕО елдерінің заңнамасын біріздендіруге және одақ аумағында жануарлардың әл-ауқатын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясында сөйлеген сөзінде жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейту және оларды ұстауды бақылауды арттыру қажеттігін атап өткен болатын.