Жануарларға қатыгездік танытқандар қалай жазаланады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенатта Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.
Ол «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасының негізгі ережелерін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылғанын айтты.
Қылмыстық кодекс 316-бап 3 бөлікке бөлінген:
1) жануардың мертігуіне әкеп соққан жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін (санкциялар сол күйінде қалады – 120 айлық есептік көрсеткіш және 30 тәулік қамауға алу);
2) жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездікпен қарау (айыппұл 200 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 583 400 теңгеге дейін ұлғайтылды және 50 күн бас бостандығынан шектеледі);
3) егер осы және басқа да іс-әрекет бірнеше рет, немесе адамдар тобымен, сөз байласу арқылы, жас балалардың қатысуымен, немесе бірнеше жануарларға қатысты жасалса (1000 айлық есептік көрсеткіш немесе 2,9 миллион теңге айыппұл салынады және бір жылға дейін бас бостандығынан шектеледі).
Сондай-ақ министрдің сөзінше, осы баптан жануарларға «бұзақылық ниетпен» қатал қарау белгісі алынып тасталған.
«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мәслихаттарының жануарларды серуендету, аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту жөніндегі құзыреті кеңейтілді. «Ветеринария туралы» Заңда жергілікті атқарушы органдардың қаңғыбас жануарлардың санын реттеуді ұйымдастыру бөлігінде құзыреті кеңейтілді, -деді С.Брекешев.