Мас күйде болған: Абай облысында ветеринариялық қызметкер жазаланды
Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам азаматтардың өтініші негізінде барған.
Абай облысында жануарларға қатыгездік танытқан ветеринариялық қызметкер жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2026 жылғы 19 ақпанда «102» арнасына тұрғындардан иттерді ату дерегі бойынша хабарлама түсті.Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлға анықталды. Ол – Абай облысы Ветеринария басқармасының жануарларды аулау, уақытша ұстау және жою қызметінің 58 жастағы қызметкері, - делінген ПД хабарламасында.
Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам азаматтардың өтініші негізінде барған. Алайда жануарларды аулау барысында жануарларға жауапкершілікпен және ізгілікпен қарау туралы заңнама талаптарын бұзған. Сонымен қатар, оның қоғамдық орында мас күйінде болғаны анықталды.
Аталған фактілер бойынша азамат жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны және қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Абай облысы Полиция департаменті жануарларға қатысты кез келген заңсыз әрекеттер тұрақты бақылауда екенін және қолданыстағы заңнама аясында әрбір дерекке қағидатты құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.