Әзірге жануарларды өлтіргендерге қандай жаза қолданылатыны анықталған жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметте өткен баспасөз конференциясында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" заң жобасы қашан қабылданатынын айтты.
Мырзағалиевтің айтуынша, заң жобасы әзірленген.
Біз министрлік алаңында Парламент депутаттарымен және қоғам белсенділерімен кездестік. Бұл заң өте кең қоғамдық талқылауға ие болды. Бүгінде заң жобасы Үкіметке енгізілді. Енді осы Үкіметтен тиісті келісімді алған соң, жақын арада Парламентке енгізілетін болады. Содан кейін заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырыстары басталады, - дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар, ведомство басшысы осы заң жобасында жануарды өлтірген жағдайда түрмеге қамау туралы норма бар ма деген сұраққа жауап берді.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасы жалпы адамгершілік және жауапты қарым-қатынас мәселелерін реттейді. Қатаңдату мен жазалауға қатысты барлық нәрсе әкімшілік және қылмыстық кодекстерге өзгерістер енгізуді білдіреді. Тиісті тұжырымдар Парламентте пысықталатын болады. Алдын ала айта аламын, иә, мұндай нормалар қарастырылған. Қазір бұл заң жобасы әлі де тиісті талқылауды талап ететіндігіне байланысты қылмыстық заңнамаға сәйкес қандай мерзімдер болуы мүмкін екенін айту әлі ерте, - деп түсіндірді министр.