"Жануарлар – менің достарым" атты балалар байқауы басталды

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстанда "Жануарлар – менің достарым" атты сурет салудан республикалық балалар байқауы басталды. 

1 сәуірден басталған байқауға 6 мен 17 жас аралығындағы бала мен жасөспірім қатысып, өздері салған суреттерді жолдай алады. 

Туындыда бейнелеу өнерінің кез келген техникасын: көркем сурет, графика, аппликация, коллаж, компьютерлік графиканы қолдануға болады. Басты шарт – авторлық әрі түпнұсқада тапсырылған еңбек болуы. Байқауға қатысушы үш композицияға дейін ұсына алады. Көркем туындыға эссе жазса, құба-құп. Өтініштер 2020 жылдың 30 маусымына дейін қабылданады. 
Байқау өткізу идеясын балалардың өздері карантин басталмай тұрып ұсынған. Неге десеңіз, олар үлкендердің үй жануарына қатігездік танытып, жабайы табиғатты мақсатсыз жою әрекетіне бей-жай қарамайды, тіпті көбіне жүректері ауырады. Осы орайда аталған байқау жас буынның дүниежүзілік биологиялық тепе-теңдікті сақтау мәселесіне қатысты жеке пікірін білдіруге мүмкіндік беріп, карантинде отырған уақытты пайдалы өткізуге көмектеседі, - дейді бастама иесі ҚР Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Сайын. 

Аталған байқада «Edu Stream» компаниясы ұсынған басты сыйлық – Венада өтетін балалар суретінің көркемөнер көрмесіне қатысу (COVID 19 пандемиясы аяқталғанда). Сондай-ақ жеңімпаздар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен диплом мен бағалы сыйлық иеленеді, жоба серіктесі "Настоящий Буратино" сауда маркасынан да ынталандыру сыйлығы болады! Топ жарғандардың туындысы Қазақстанның барлық аймағында көшеге билбордқа ілінеді. Барлық қатысушы электрондық диплом иеленеді. 

Балалардың еңбегін ұйымдастырушылар мен Қазақстанның беделді мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған әділ қазылар алқасы бағалайды. Жеңімпаздар төрт жас деңгейі бойынша анықталады. Байқау нәтижесі 2020 жылдың 5 шілдесі жарияланады. Топ жарған өнерлі балаларды салтанатты түрде марапаттау шарасы Алматыда жаздың соңына қарай өтеді. 

Байқау Қазақстан Президентінің қамқорлығымен, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Балалар  Әлемді Бейнелейді» Қоғамдық Қоры, бас серіктес "Edu Stream" компаниясы мен "Настоящий Буратино" серіктесінің қатысуымен өтеді.

Туындыны түпнұсқада мына пошталық адреске: Қазақстан Республикасы, Алматы қ., 050026, М. Әуезов көш, 14а. "Балалар  Әлемді Бейнелейді" Қоғамдық Қоры, "Жануарлар – менің достарым" байқауына жіберу керек. Сондай-ақ электрондық пошта: alembala.kz@gmail.com. Толық ақпарат www.alembala.kz сайтында.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы