Жантүршігерлік жол апаты: Ақтөбе облысында 4 адам қаза тапты
Ақтөбе облысында жол апаты болып, 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарғалы ауданында орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Ақтөбе–Орск автожолында Opel маркалы жеңіл автокөліктің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, DAF маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу-жедел тобы жұмыс істеуде. Болған жағдайдың барлық мән-жайы мен себептері анықталуда, - деп хабарлады Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.
Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, сондай-ақ қарсы қозғалыс жолағына шығуға жол бермеуге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде кері бағытта жүрген кортеж жүргізушілері жауапқа тартылған болатын.