Жансая Әбдімәлік «Дара» орденімен марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін атақты қазақстандық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікпен кездесіп, Шахмат федерациясының ең жоғары наградаларының бірі – «Дара» орденін тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, Гибралтардағы әйелдер арасындағы шахматтан Гран-при кезеңіндегі ойынының қорытындысы бойынша Жансая Әбдімәлік тарихи жетістіктің авторы болды. Бірде-бір ойында жеңілмеген шахматшы мәртебелі жарыста мерзімінен бұрын жеңіске жетіп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық гроссмейстер атағын алған алғашқы қазақстандық, сондай-ақ Орталық Азия өкілі болды.

Бейбіт Атамқұлов спортшыны жетістігімен шын жүректен құттықтап, еліміздің спорт жетістіктері қазынасына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ шахматшыға жаңа жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, Жансая Әбдімәлік – қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер. Өзінің алғашқы атағын Жансая Әбдімәлік 6 жасында, 2006 жылы Алматы қаласының чемпионатында 8 жасқа дейінгі қыздар арасында жеңіп алған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы