"Жансақтауда жатыр": Балабақшадағы 10 бала неден уланды?
Жамбыл облысында балалардың жаппай улануы орын алды. 17 наурызда Меркі кентінде орналасқан "Нұрай" мектепке дейінгі білім беру орталығының 10 тәрбиеленушісі Меркі аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Тоғыз балада жедел ішек инфекциясы, бір балада энтеровирусты инфекция анықталды.
Бір оқушы жансақтау бөлімінде жатыр, қазіргі таңда жағдайы тұрақты, - деп хабарлады Жамбыл облысының әкімдігі.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашүкеевтің тапсырмасымен істі жан-жақты тексеріп, зерделейтін жұмыс тобы құрылды. Қазір оқиғаның себептері анықталуда.
Қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызу үшін қосымша төсек-орындар дайын. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жеткілікті. Бүгінде Меркі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі тексеру жүргізіп жатыр, барлық сынамалар алынды, мамандар сараптама қорытындысын күтуде, - деп атап өтті әкімдік.
Орталықтың жұмысы екі күнге тоқтап тұр. Ғимаратта дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Тексеру қорытындысы бойынша құзырлы орган тиісті шешім қабылдайды. Бүгінде жағдай тұрақты және бақылауда, - делінген әкімдік таратқан хабарламада.