Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегін көру – 255 мың теңге
Астана қаласында 5 сәуір күні WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы – француздық Анауэль Нгамиссен. Жекпе-жекпе билеттер бүгін, 5 наурыздан бастап сатылымға шықты. afisha.yandex.kz билеттердің бағасын жариялады. Билеттің ең арзаны 20 мың теңгеден басталып, 255 мың теңгеге дейін.
Айта кетейік, аталған бокс кешінде қазіргі уақытта ұлттық құрама сапында жүрген ағайынды Сабырхандар кәсіпқой бокста бақтарын сынап көрмек. Ағайынды боксшылардың қарсыласы әзірге анықталмаған. Сондай-ақ, Сұлтан Зауырбек пен Батыр Жүкембаев та қатысады деп жоспарланған.
Сонымен қатар 5 сәуір күні Өзбекстанның екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Баходир Жалолов та осы кеште кәсіпқой бокстағы шеберлігін көрсетпек.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жәнібек Әлімханұлы елімізде жекпе-жек өткізетініне қуанышты екенін жеткізген болатын.