Жәнібек Әлімханұлының жаңа қарсыласы кім? Сарапшы даниялық боксшының қауіпті тұстарын атады
Сарапшы Әлімханұлының Банкпен өтетін жекпе-жегіндегі мүмкіндігін бағалады.
Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағы үшін бәсекелесуге мүмкіндік алды. Дүниежүзілік бокс ұйымы қазақстандық боксшы мен даниялық Якоб Банктың командаларына жекпе-жек өткізу туралы келіссөздерді бастауды міндеттеді.
Банк кім, ол Әлімханұлы үшін несімен қауіпті және даниялық боксшының қандай әлсіз тұстары бар? Бұл туралы BAQ.KZ сайтына берген эксклюзивті сұхбатында америкалық журналист әрі бокс сарапшысы Кевин Айол айтып берді.
Бұған дейін WBO белбеуі британдық Хамза Ширазға тиесілі еді. Алайдa ол қазақстандыққа қарсы міндетті қорғаудан бас тартып, титулдан босады. Осыдан кейін WBO Әлімханұлы мен Банк командаларына вакантты белбеу үшін жекпе-жек өткізу жайлы келіссөз жүргізуді тапсырды.
Якоб Банк деген кім?
Якоб Банк – екінші орта салмақта өнер көрсететін Даниядан шыққан 25 жастағы боксшы.
Оның қарсыластарының арасында бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скалл да болды. Банк соңғы жекпе-жегін 2026 жылдың 25 шілдесінде өткізіп, Павел Аугустыникті төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіп шықты.
Даниялықтың есімі қалың көпшілікке әлі де таныс болмағанымен, Кевин Айол оны болашағы бар спортшы деп санайды.
«Банк көптеген жанкүйерге әлі онша таныс емес. Бірақ ол жас, талантты және болашақта міндетті түрде жұлдызға айналады», – деп атап өтті сарапшы.
Банк Жәнібек үшін несімен қауіпті?
Айолдың бағалауы бойынша, Банктің мықты тұстары – атлетизм, қозғалыс пен қашықтықта сауатты жұмыс істей білуі. Даниялық джебін жақсы пайдаланады және барлық чемпиондық жекпе-жек бойы жоғары қарқында ұстап тұра алады.
«Ол өте тез әрі жан-жағына жылдам қозғалады. Қашықтықты ептілікпен бақылайды және өте тиімді джебке ие. Ол барлық 12 раунд бойы жоғары қарқынды сақтай алады», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл қасиеттер Банкті ыңғайсыз қарсылаِсқа айналдыруы мүмкін. Әлімханұлы оның белсенді қозғалыстарын ескеріп, қашықтықты қысқарту мүмкіндіктерін іздеуге мәжбүр болады.
Сонымен қатар, Айол атап өткендей, даниялықтың қорғанысында қазақстандық боксшы пайдалана алатын осал тұс бар.
«Кейде ол қолын тым төмен ұстайды, ал Жәнібек сияқты дәл соққы жасайтын панчерге қарсы бұл үлкен мәселеге айналуы мүмкін», – деп баса айтты Айол.
Шираз белбеуді неліктен босатты?
Хамза Ширазовтың титулдан бас тартуы дивизиондағы жағдайды өзгертті және бос қалған белбеу үшін жекпе-жек өткізуге жол ашты. Бұл ретте Айол британдық боксшының шешімінің себептері туралы кесіп айтқан жоқ.
«Хамзаның титулды неліктен босатқанын нақты білмеймін. Бұл оған сәл зиянын тигізеді деп ойлаймын, бірақ егер ол келесі жекпе-жекте жақсы өнер көрсетсе, бәрі де жақсы болады», – деді журналист.
Антидопингтік іс Әлімханұлына қалай әсер етуі мүмкін?
Әңгіменің тағы бір қарастыратын тұсы – Жәнібектің антидопингтік істен кейінгі оралуы. 2025 жылдың желтоқсанында қазақстандық боксшының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний заттарының іздері табылды. Тергеу қорытындысы бойынша препарат спортшының ағзасына қасақана емес – Қазақстан клиникаларының бірінде емделу кезінде түсуі мүмкін екені анықталды.
Айол бұл істі бақыламағанын және сондықтан қазақстандық боксшыға қатысты нақты шешімге баға бере алмайтынын атап өтті.
Жалпы мұндай жағдайлар туралы айта келе, журналист антидопингтік ережелерді бұзғаны үшін жазадан кейін оралу әрқашан спортшыларға үлкен беделдік зиян келтіре бермейтінін атап өтті.
«Антидопингтік ережелерді бұзғаны үшін жазадан кейін қайта оралған боксшылар аз емес, бұл оларға тым қатты зиянын тигізген жоқ. Мүмкін Жәнібек үшін бұл тарих өз елінде маңыздырақ шығар, бірақ әлемдік ауқымда оның әсері аз болады деп ойлаймын», – деп есептейді Айол.
Жалпы оң допинг-сынамалардың себептері туралы айта келе, журналист кейде тыйым салынған заттар спортшының ағзасына ластанған қоспалармен бірге түсетінін атап өтті. Бұл ретте ол Әлімханұлының жағдайында дәл осы нәрсе болғанын растамайды.
«Спортшылар көбінесе тыйым салынған заттармен ластанған қоспаларды қабылдап жатады. Элиталық деңгейдегі спортшылар спортта қолдануға қауіпсіз деп сертификатталған қоспаларды пайдалануы тиіс, бірақ көбісі бұны істемейді. Мүмкін мұндағы себеп дәл осы шығар», - дейді ол.
Айолдың пікірінше, қазақстандықтың болашақ беделі үшін мұндай жағдайлардың қайталанбауы маңызды.
«Егер болашақта мұндай жағдайлар қайталанбаса, бұл оның беделіне орасан зор зиян келтіреді деп ойламаймын», – деп қосты ол.
Сарапшы алдағы жекпе-жекті қалай болжайды?
Әлімханұлы мен Банктің ықтимал қарсылығын бағалай келе, Айол қазақстандыққа оның тәжірибесі артықшылық беретінін айтады. Сонымен бірге журналист даниялықтың маңызды қарсылық көрсете алатынына сенімді.
«Бұл өте қызықты жекпе-жек, бірақ көпшілігі Банкті бағаламайды. Мен Жәнібектің тәжірибесінің арқасында төрешілердің шешімімен жеңіске жететініне ставка жасаймын. Бірақ Банк – мықты қарсылас және салмақты жекпе-жек болатыны сөзсіз», - дейді сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін WBO шешім шығарып, Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атануы мүмкін екені хабарланды.