Жәнібек Әлімханұлы: Үш чемпиондық белбеу үшін жекпе-жекке шығуға дайынмын
Қазақстандық орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы доминикандық боксшы Карлос Адамеспен жұдырықтасуға келісім берді. Бұл жекпе-жек 13 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін Сауль "Канело" Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы кештің андеркартында өтуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Жәнібек Әлімханұлы өзінің Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жазды.
Әлеуметтік желідегі жанкүйерлердің менің Адамеспен жекпе-жегімді Канело мен Кроуфордтың кешіне қосуды сұрап жатқанын байқадым. Мен бұл ұсынысты толықтай қолдаймын. Қуана келісемін! Рингке шығуға дайынмын! – деп жазды Әлімханұлы.
Үш белбеу үшін күрес
Бұл жекпе-жекте орта салмақтағы бірден үш чемпиондық белбеу сарапқа салынуы мүмкін. Жәнібек қазіргі таңда WBO нұсқасы бойынша чемпион атанса, Карлос Адамес WBC белбеуінің иегері. Сонымен қатар, бос тұрған WBA "супер" чемпиондық белбеуі де осы кеште тағайындалуы ықтимал деген болжам бар. Егер жекпе-жек ресми түрде бекітілсе, бұл орта салмақтағы ең ірі біріктіру кездесулерінің бірі болмақ.
Канело – Кроуфорд кеші
Айта кетейік, Сауль "Канело" Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы супержекпе-жек 13 қыркүйек күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. Бұл бокс кеші 2025 жылдың ең көп талқыланатын оқиғаларының бірі болғалы тұр.
Кештің промоутері ретінде танымал саудиялық шейх Турки әл-Аш-Шейх әрекет етіп жатыр. Соңғы уақытта ол әлемдік бокс аренасында бірнеше ірі жекпе-жектерді ұйымдастыруымен көзге түскен болатын.
Жәнібек Әлімханұлы үшін бұл кездесу оның чемпиондық атағын қорғап қана қоймай, өз салмағында абсолютті чемпион атануға үлкен мүмкіндік береді. Қазақ жанкүйерлері бұл жекпе-жектің ресми түрде жариялануын асыға күтіп отыр.