Жәнібек Әлімханұлы бапкерін ауыстырды
WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (14-0, 9 КО) кезекті жекпе-жегінің алдында жаттықтырушысын ауыстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл жайында Әлімханұлы өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Жаңа бапкер. Жаңа серпін. Жаңа деңгей! Брайан Вилориямен жұмысты бастадық. Брайан - әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да әлем чемпионы болған боксшы. Кәсіпқой бокста 4 дүркін әлем чемпионы атанған. Екі салмақта чемпион болған. Екі чемпиондық титул жеңімпазы. Мықты маманмен Қазақ стилін әрі қарай шыңдауды бастадық. Алла берекелі етсін! деп жазды ол.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы осыған дейін америкалық Бадди Макгирттің қоластында жаттығып келген.
Макгирт те - әйгілі Артуро Гатти, Майк Тайсон секілді танымал спортшыларды шыңдаған танымал бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін мамырда Стоктонда (АҚШ, Калифорния штаты) өткізіп, канадалық боксшы Стивен Батлерді (32-4-1, 26 КО) екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.