Жани Қамбар: басты мақсатымыз – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазір Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру аса өзекті болып отыр. 

Осы тұста ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан "Адалдық алаңы" жобасы іске асырылып жатыр. Осы тұста Шымкентте де "Shymkent adaldyq alany" жобалық кеңсесі ашылған. Аталған жобалық кеңсенің қызметін, жұмыс жоспарын біліп-түсіну үшін "Шымкент – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Жани Қамбармен сұхбаттастық. 

    Дамыған мемлекеттерде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық тіркелмейді

Жани Сайдуллаұлы, алғашқы сауалымызды түсіндірмеден басталық. "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі дегеніміз не? Бұл жоба атауын жиі естиміз, бірақ не екенін бәріміз бірдей түсіне бермейміз. Соны түсіндіріп берсеңіз... 

  – 2018 жылы 20 желтоқсанда Шымкент қаласында "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі ашылды. Бұл жобалық кеңсенің ашылу себебі Елбасымыз ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев "Өңірлер сыбайлас жемқорлықтан ада" деген жолдауы аясында құрылған жобалық кеңсе. Басты мақсаты – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және де тұрғындардың билік өкілдеріне сенімін арттыру. Мемлекеттік қызметтердің дұрыс көрсетілуі, соның халыққа қолжетімді болуы, ашықтық принципін қалыптасыру мақсатында жұмыс жасайтын жобалық кеңсе болып табалды. Бұл кеңсе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған. Жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыстар жүргізеді. "Неліктен тұрмыстық сыбайлас жемқорлық" деген сауал көп туындайды. Көптеген дамыған мемлекеттерде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық фактілер мүлдем тіркелмейді, яғни "тұрмыстық сыбайлас жемқорлық жоқ" деп айтсақ болады. ТМД елдерін алатын болсақ, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық жиі кездесіп жатады. Бұл – күнделікті өмірде кездесер сыбайлас жемқорлық фактілері. Мақсатымыз – осының алдын алу болып отыр. Себебі "дамыған мемлекеттерде сыбайлас жемқорлық жоқ" деп айта алмаймыз, бар. Оларда үлкен көлемдегі соманы жымқыру сыбайлас жемқорлық болу мүмкін. Ал тұрмыстық сыбайлас жемқорлық ұғымын қарапайым ғана мысалмен түсіндірейін. "Бір адамға кез келген анықтамалық құжат қажет болды" делік. Соны алу үшін құжат беретін маманға ақша ұсынады да анықтамасын алып кете береді. Осының алдын-алу, мұндай жағдайлардың деңгейін 0-ге түсіру – біздің жобалық кеңсенің басты мақсаты болып саналады. 

"Шымкент – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі Шымкент қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан ашылды. Солай ғой? Енді осы жобалық кеңсеге сіз жетекшілік етесіз. Міндетіңізге не кіреді? 

  – Иә, бұл жобалық кеңсеге мен жетекшілік етемін. Менен басқа тағы екі қызметкер бар. Біреуі - жастар саясатынан, екіншісі - қалалық ішкі саясат қызметінен келген. Жастар саясатынан келген қызметкер пиар жағына жауап береді. Дұрыс контент жариялау, аңдатпа жасау, жобалық кеңсені таныту сияқты шаруаларды қамтамасыз етеді. Ал ішкі саясаттан келген қызметкер мемлекеттік сатып алу бойынша мониторинг жүргізеді. Заңсыз бағаның көтерілуін алдын-алу бойынша мемлекеттік сатып алуға мониторинг жасап отырады. Басты функциямыз, айтып өткенімдей – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Барлық салада, кез келген жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Егер де осындай фактілер орын алып жатса департаментпен бірлесіп жұмыс істейміз. Барлық мемлекеттік бағдарламаның тұрғындарға қолжетімдігілі және де оны ашықтығын қалыптастыру мақсатында жұмыс атқарамыз. 

Жеті бағытымыз бар 

Шымкенттегі "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің бағыттарын атап берсеңіз? 

– "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі 7 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Нақты-нақты бағыттары бекітілген. Қазіргі таңдағы ең маңызды және де сыбайлас жемқорлық фактілеріне алып келетін жиі кездесетін салалар болғандықтан осы жеті бағытты берген. Бірінші бағыт – білім саласы. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша жұмыс жүргіземіз. Білім саласында агенттік тарапынан бектілген бірнеше жобалар бар. "Адал ұрпақ" және "Саналы ұрпақ" деген екі ұйым бар. Осы екі ұйымның басты мақсаты – білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Екінші бағыт – медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыс жүргіземіз. Үшінші бағыт – жолаушылар яғни тасымалдау бағыты бойынша. Бұл жерде алыпсатарлардың қызметі және жолаушылардың билетсіз жүруі сияқты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында "Адал жол" деген жобамыз бар. "Адал жол" жобасы аясында осы бағытта жұмыстар жүргіземіз. Төртінші бағыт – тұтынушылардың құқығын қорғау. Қазір көптеген азамат өз құқықтарын жеткілікті деңгейде білмей жатады. немесе білімінің жеткізілсіздігінен көптеген жерде қателіктерге жол береді. Сондықтан тұтынушалырдың құқығын қорғау – жобалық кеңсенің ең басты бағытының бірі. Келесі бағыт, яғни бесінші халықты әлеуметтік қорғау бағыты жерде әлеуметтік салаға байланысты көрсетілетін қызметтер мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, олардың халыққа қолжетімділігі. Мұның барлығы өз деңгейде жүргізілуін қамтамасыз ету, соны бақылау жобалық кеңсенің бағытының бірі болып келеді. Алтыншы бағыт – жолға байланысты. Өздеріңіз білесіздер "Сапалы жол" деген бағдарлама бар. Бұл бағдарлама күрделі жөндеу, орташа жөндеу жұмыстары және жолға қатысты барлық сыбайлас жемқорлық фактілерін алдын-алу бойынша арнайы жұмыстар жүргіземіз. Жетінші бағыт - энергетика және коммуналды-шаруашылық бағыты. Мұның барлығы бюджеттік қаражаттың дұрыс жұмсалуын қамтамасыз ету болып табылады. Біз осындай бағыттарда жұмыс жүргіземіз. 

Қазір байқағанымыз, әкімдіктің барлық басқармасы, түрлі мекемелер сіздердің жобалық кеңсемен бірігіп жұмыс істейді. "Адал жол", "Адал көмек" және тағы басқа жобалар жасайды

  – Иә, бізде "Адал көмек" деген жобамыз да бар. Бұл пандемияға байланысты жақында 16 наурыз күні бізде карантин жарияланған кезде құрылған бағдарлама. Бұл жобаның басты мақсаты – тұрғындарға тегін түрде құқықтық консультация беру. Тұрғындарға қажетті деген салалардағы мамандарды онлайн негізде тікелей эфирге шығару арқылы халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беру. Біз алдымен тұрғындардан түскен сауалдарды жинақтаймыз да қай салаға көп сауал түскеніне қарай сол салаға жауапты спикерлер шақырамыз. Тұрғындар үйінде отырып-ақ сауалдарына жауап алады. Бізде осыған ұқсас жобаларымыз көп. Мысалы "Адал ұрпақ", "Саналы ұрапақ" сияқты жобаларымыз бар. "Адал ұрпақ" жобасы мектеп оқушыларының бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен сол бағатта тәлім-тәрбие беру болып келеді. Ал "Саналы ұрпақ" жобасының мақсаты – колледж және жоғары оқу орындары арасындағы студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптасыру мен тәрбиелеу. 

10 рейд жүргізіп, 55 кемшілік анықтадық

Биыл Шымкентте көп көше жөнделіп, жаңадан жолдар салынып жатыр. Таяуда әкімдік қызметкерлерімен сөйлескенімізде, осы сіздердің "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесімен бірлескен "Сапалы жол" жобасы аясында біраз жол сапасыз жасалуына байланысты кері қайтарылып, қабылданбағанын айтты. Бұл қалай болды?

– "Сапалы жол" - біздің ірі жобаларымыздың бірі. Қаладағы қайсы көшелер жөнделіп жатыр, соған бөлінген қаржы қандай жөндеу жұмыстарын қандай деңгейде жүргізіліп жатыр. Осының барлығы бақылау жобалық кеңсенің басты функциясына кіреді. Біз жыл басынан бастап 10 рейдтік іс-шара ұйымдастырдық. Жүрмелі лабораторияны алып, жолаушылар көлігі және автомабил жолдары басқармасының қызметкерлерімен бірлесе жүрдік. Осы 10 рейдтік іс-шара барысында 55 кемшілік анықтадық. Қазіргі таңда соның 37-сі орындалды. Енді қалған кемшіліктер жылдың соңына дейін жойылу керек. Кемшіліктер жойылмайынша көшелер қабылданбайды. Енді жолдарды қандай сынға сүйеніп тексеретінімізді айтар болсам: біз әлеуметтік желілерде мониторинг жұмыстарын жүргіземіз. Көп пабликтерге жазылғанбыз. Сол пабликтерге келіп түсетін шағымдарға байланысты жұмыс жасаймыз. Мысалы, "Критика Шымкент" деген пабликте қай көше жаңадан салынып жатқаны және соған байланысты тұрғындар тарапынан қандай сауалдар туындап жатыр дегенге мән береміз. Сол бойынша жұмыс атқарамыз. Жүрмелі лабораторияны алып, сол салаға жауапты басқарма қызметкерлерін шақыртамыз, БАҚ өкілдерін де міндетті түрде шақырамыз. Осылайша шағымға байланысты жұмыс атқарамыз. "Құжат бойынша қандай болу керек еді, қай жағынан дұрыс болмай жатыр" дегендерге мән береміз. Өйткені мердігер компаниялар документке қарай жұмыс жасайды. Ал тұрғындардың сауалы басқа нәрсе болуы мүмкін. Немесе тұрғынның сыны дұрыс, ал мердігер компания дұрыс жұмыс жасамай жатқан болуы мүмкін. Сондықтан да біз тұрақты түрде рейдтік іс-шараларға шығып тұрамыз. Ең бастысы – бұл бюджет қаржысының дұрыс жұмсалуын қадағалау болып табылады. Дер кезінде алдын-алу жұмыстары дұрыс атқарылмаса, жол берілген уақытынан бұрын бұзылса, халық шағым түсіріп, тиісті мекемелерден жауап сұрайды. Мұның барлығы кейін айналып келіп, үлкен басшыларға дейін сын болып кетеді. Ал салынған кездегі кемшіліктерін жойып, жақсы жолды тұрғындар қолданысына берілуін қадағалау – біздің басты мақсаттырдың бірі. 

Ашық формат – сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтады

Бізде мемлекеттік қызметкер мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығы, дұрыс болуы аса өзекті. Осы қарым-қатынасты реттеуде, жемқорлық фактілерін жоюда "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің ықпалы қандай? 

  – Осы бойынша ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев "Халық үніне құлақ асатын үкімет" тұжырымдамасын бекітті. Біз осы тұжырымдама аясында жұмыс жүргіземіз. Өзіңіз білетіндей, қаладағы әкімшілік пен және 4 аудан әкімшілігі көптеген оқу орындар, мектептер, көптеген мемлекеттік органдар барлығы ашықтық принципіне сәйкес Open Space форматына көшіп жатыр. Бұл дегеніміз – тұрғын бір мекемеге келген кезде ол кабинеттен кабинетке жүгірмей, біреуді күтпей, есікті тоқылдатудың немесе дәліздерден өтудің қажеті жоқ. Адам келеді да өзіне қажетті сауалдарға қызметкерлерден жауап алып, немесе құжаттарын алып кете алатын орын болуы керек. Қазіргі таңда осыған байланысты көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір әкімдік сервистік жұмыс моделіне көшіп кетті. "Сервистік" деген сөз тұрғын бір жерден барлық сұрағына жауап алып кете алатын жағдай. Осылайша көптеген мекемелер оупен спейс форматына өтіп жатыр. Халықпен қарым-қатынасты жақсартып, кері байланысты құру үшін осындай жұмыстар атқарып жатырмыз. Бұл жұмыстың қарқынын күшейтеміз. Себебі біздегі барлық мемлекеттік мекеме мен оқу орындары бұл бағытқа толық өтпеді. 100 пайызға дейін мекемелерді осындай форматқа өткізу – біздің тағы бір басты мақсатымыз. Өткен жылдан бастап барлық мектеп директорларына екінші қабаттан бірінші қабатқа өз кабинетінен кіші кабинетке көшу туралы келісім болды. Келісімге сай барлық директорлар бірінші қабатқа көшті. Бұл деген халық басшыға келген кезде екінші қабатқа дейін көтерілудің қажеті жоқ. Кез келген адам келіп, сұрағын қойып, жауабын алу үшін таңертеңнен кешке дейін олардың кабинет есігі ашық болады. Адамдар сауалдарына жауап алу үшін осындай жұмыстар да атқарылып жатыр. Полиция департаменті және аудандық полиция департаменттері фронт офистерін ашып жатыр. Мұның барлығы халыққа жақындау, халықты тыңдау және оларға қажетті барлық қызметті дұрыс көрсету үшін атқарылып жатқан жұмыстар. Осы бойынша да біз "Адалдық алаңы" зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Қай жерде сыбайлас жемқорлық фактілері көп, қай жерге адамдар көп хабарласады дегенді зерделеп сол жердің ашық форматқа тез арада өтуіне ұсыныс береміз. Өйткені сол жерде сыбайлас жемқорлық фактілері бар болуы мүмкін. 


  WhatsApp бот аштық. Тел нөмірі: +7 771 915 23 27 

Мәселен, бір азамат мәселесін шешуі үшін пара беруі керек болды. Әйтпесе, жұмысы бітпейді. Міне, сол азамат жұмысын пара бермей шешуі үшін сіздердің жобалық кеңсеге хабарласа ма? Қалай хабарласады? Хабарласса, қалай әрекет етесіздер 

  – Бұл – өте орынды сұрақ. Біздің фейсбукта "Шымкент - адалдық алаңы" деген парақшамыз және де Инстаграм желісінде @shym_adaldyq атты парақшамыз бар. Жақында ғана "Шымкент – адалдық алаңының" WhatsApp бот қызметін аштық. Кез келген тұрғын нақты факт бойынша +7 771 915 23 27 WhatsApp ботымызға жазып, қажет консультация алады.Егер сөйлескісі келсе, сол номерге хабарласу арқылы бізге бірден шыға алады. Осы жүйе бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қазір тұрғындар шағымдарын біздің жеке нөмірімізге жіберіп жатады. Бұл біздің жеке нөміріміз болғандықтан кейде байқамай қаламыз. Сондықтан да "Шымкент - адалдық алаңынан" уатсап-ботын аштық. Мұның барлығын әлеуметтік желілерге жариялап көрсетеміз. Қандай да бір факт болатын болса, тез арада осы нөмірге дәлелдерімен қоса тастап жіберіп отырса, біз міндетті түрде сол адамның шағымымен жұмыс істейміз. Департаментпен келісе отырып, бірден жұмысымызға кірісеміз. Егер тұрғынның дәлелі жоқ, бірақ сондай жағдайдың болғанын айтатын болса да біз сол жердің басшыларына шығып, жұмыс жүргіземіз. Сол мекемеге барып, сондағы мекеме қызметіне жүгініп тұрған адамдармен сөйлесеміз. Осылайша ол жерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп кетеміз. Сол мекеме біздің қадағалауымызда болады. Осылайша алдын алу шараларын жүргіземіз. 

Мемлекеттік қызметшінің айлығын өсіруге ұсыныс береміз

Мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысы аз екенін көп естиміз. Таңнан түнге дейін жұмыс істеп, бірақ жұмсаған уақыты мен істеген еңбегіне лайықсыз жалақы алатыны айтылады. Бұл қаншалықты рас? "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі осыны шешуде не істеп жатыр?

– Мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысы аз екенімен келісе алмаймын. Өйткені мемлекеттік қызметшілердің жағдайын жақсарту, оларға көңіл бөлу мақсатында шкала деген нәрсе бар. Сол бойынша мемлекеттік қызметшілер қазір екі есе айлық алады. Оның алдында жетекші маман 60 мың алатын болса, қазір сол маман 120 мыңға жуық айлық алады деген сияқты. Бұл жоба пилоттық ретінде басталды. Бірақ мұның барлығы стимул ретінде қазір қолға алынып жатыр. Бұл алдағы уақытта пилоттық емес жоба ретінде бекітіліп, жоғары жалақы төленеді деген сеніміміз бар. Иә, бұрын олардың айлығы өте аз еді. Мұның барлығы кері әсерін тигізетін. Ол сыбайлас жемқорлық фактілеріне алып келетін, не оның мотивациясы болмайды. Ал қазіргі таңда олар жеткілікті түрде лайықты түрде жалақыларын алып отыр деп ойлаймын. Енді мұндай жағдайда біздің тараптан атқарылатын жұмыс: ол – ұсыныс беру. Себебі біз белгілі бір мемлекеттік орган емеспіз. Белгілі бір құқығымыз бар. Біз анализ, мониторинг жүргізу арқылы белгілі бір шешім жасап, ұсыныс береміз. Мысал ретінде айтар болсақ, бір жұмыс көлемі өте үлкен мемлекеттік мекеме делік.. Бірақ айлықтары аз. Мұндай жерде сыбайлас жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Осындай анализдерді жүргізу арқылы біз ұсыныс беріп отырамыз. Яғни олардың айлықтарын көбейтуге ұсыныс жасап, егер солай болмаса, сыбайлас жемқорлық фактлерін алдын-алу өз тиімділігін бермейді деген сияқты ұсыныстарды кіргізу арқылы жұмыс жүргіземіз. 

Гуманитарлық көмек дәрілеріне "ТЕГІН" деген мөр бастық 


"Шымкент - Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі мына коронавирус пандемиясы кезінде дәрі бағасын қымбаттатып сату, дәріні заңсыз сату сияқты әрекеттерге қарсы қандай күрес жүргізді? 

  – Пандемия кезінде Шымкент қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті жанынан жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топқа "Шымкент - адалдық алаңы" қызметкерлері, департамент қызметкерлері, арнайы мониторингтік топ мүшелері, блогерлер, белгілі журналистер және де белсенді жастар, жастар мәслихаты депутаттары енді. Ондағы басты мақсат – заңсыз дәрінің бағасын болдырмау, шексіз рецептсіз сатылудың алдын алу және де бар дәрілердің тұрғындарға ешқандай кедергісіз арадағы делдалдарсыз жеткізілуін бақылау болып табылады. Бірінші кезде өздеріңіз білесіздер, дәрі тапшылығы байқалды. Біз сол кезде бірінші дәріханаларды тексердік. Дәріханалардан кейін қоймаларға бардық. Сол кезде анықтағанымыз – қоймадағы бар дәрілер дәріханаларға жетпей қалып жатты. Біз параллель түрде әлеуметтік желілерге де мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырдық. Сол кезде делдалдардың қолына бірнеше дәрілердің түрі түсіп кеткен болатын. Делдалдар көп дәрілерді сатты. Осылайша қатаң бақылаудың нәтижесінде қалада еш жерде жоқ меропенем деген дәрінің бір қорабын 130 мың теңгеден екі қорапты 260 мың теңгеге сатқан әйелді ұстадық. Ол әйел еш жерде тіркелмей заңсыз түрде сатқан. Бұл дәрінің ол әйелдің қолына түскені белгісіз. Біз осыдан кейін мұндай жағдайларды ашық түрде көрсете бастадық. Міне "Зерде", "Ақ ниет", "Атамекен" қоймасында мынадай дәрілер бар. Сол жерде тұрып тікелей эфир арқылы қай дәрілер қай дәріханада қай күндері қаншада болатынын да сұрап тұрдық. Олар қай уақытта қандай дәріханаларда болатын дәрілер тізімін айтқан соң сол күні сол дәріханаларға барып, тексеріс жұмыстарын жүргіздік. Халыққа қай дәріханада қай дәрілердің бар екені жөнінде ақпарат таратып отырдық. Сонымен қатар бағасын да көрсеттік, өйткені адамдарға уақыт маңызды. Жоқ дәріханаға барып, босқа сандалмауы үшін ақпарат тараттық. Біз осыны қатты бақылауға алдық. Осы бағытты гуманитарлық көмектер әлі күнге дейін келіп жатыр. Қазір Өзбекстан, Ресей, Катар, Түркия және Қытайдан көмек келді. Әлі күнге дейін келіп жатыр. Сол гуманитарлық көмектердің сыртқа сатылып кетуін болдырмау және қоймадан медициналық мекемелерге толығымен жетуін қадағалу үшін қоймадан ауруханаға дейін апарып, сол жерден санап, сонымен қатар өзіміз тегін деген мөр бастық. Мұның барлығы сатылып кетпеуі үшін жасалды. Сонымен қатар, дәрі тапшылығы кезінде 8-17 шілде аралығындағы тек "Адалдық алаңының" өзіне 67 адам хабарласты. Соның ішінде заңсыз сауда жасап жатқандары бойынша да хабарласты. Біз тиісті мекемелермен бірге тиісті жұмыстарды жүргіздік. Олардың сауалына жауап бердік. Және 4 дәріханадан чексіз сату, рецептісіз сатқан жағдайларды анықтадық. Экономикалық тергеу қызметі және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментіне тиісті қағаздар жолдадық. Қазіргі таңда біз жолдаған материалдар бойынша олар жұмыс жүргізіп жатыр. Кейін олардың қандай шаралар қолданғандары бойынша қосымша ақпарат береміз.  

    Білім және әлеуметтік көмекке қатысты көп шағым түседі

Шымкентте жемқорлық факторлары көбіне-көп қай салада кездеседі? 

  – Нақты мына салаларда көп деп айта алмаймын. Бұл - белгілі бір зерттеулер және анализдер жүргізу арқылы ғана анықталатын жағдай. Қазір мына сала деп айтсам, онда сол саланың қызметкерлері мұны дұрыс қабылдамауы мүмкін. Олар дұрыс түсінбей қалуы да мүмкін. Бірақ қазіргі таңда бізге хабарласып жатқан, бізге түсіп жатқан шағымдар бойынша айтатын болсақ, көбіне білім саласынан көп шағым келіп түседі. Білім саласына қатысты "Бізден мынадай жағдайға ақша жинап жатыр" деген шағымдар өте көп. Берілетін гранттар мен әлеуметтік көмектерге байланысты да көп шағым түседі. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларға байланысы, жолдың сапасына да байланысты шағымдар көп түсіп жатады. Коммуналдық қызметтерге байланысты да шағымдар түседі. Сонда әлеуметтік салаға байланысты шағымдар көп кележі. Біз бұл шағымдарды ескеріп, бақылап, рейдтік іс-шараларда көрсетіп отырамыз. Мемлекеттік қызметтердің көрсетілуін электронды форматқа өткізу - қазір басты мақсаттардың бірі. Өйткені бір адам мен бір адамның қарым-қатынасының соңы сыбайлас жемқорлыққа алып келіп соғады. Электронды болатын болса, сыбайлас жемқорлық фактілері төмендейді.  


Таяуда білім басқармасы өкілдерімен сөйлескенімізде, мұғалімді жұмысқа қабылдауда ақша сұрау, пара алу фактілері кездессе, осы Шымкент қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымдануға, "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесіне хабарласуға болатынын айтты. Егер мектептегі бос жұмыс орнына жұмысқа орналасуда ақша сұрау, пара алу жағдайына кездескен маман сіздерге хабарласса, оған қандай көмек бересіздер? 

– Жоғарыда айтып өткен уатсап ботын ашуымыздың бірден бір себебі осы. Келесі айда мектептерде жұмысқа орналасу басталады. Сол кезде сыбайлас жемқорлық фактілері де орын алады. Сондықтан азаматтар дер кезінде кімге қалай хабарласу керектігін білуі керек. Біз бұл бағытта жұмыс жасауға қашан да дайынбыз. Болмаса біздің кеңсеге келуіңізге де болады. Нақты фактлермен келсе, біз ол адамның шағымына бейжай қарамаймыз. 

Ең көп шағым түсетін бағыттарға қатысты жұмысты күшейтеміз

Биылға тағы қандай жаңа жоспарларыңыз бар? Таяуда сіздердің агенттікте жаңа ғимараты ашылды. Ғимарат мекенжайын, хабарласу телефондарын, жалпы сіздерге байланысу парақшаларын айтсаңыз. 

  – Жоспарымыз бар. Қазіргі таңда бектілген жеті бағыттің ішіндегі ең сыбайлас жемқорлық фактлері көптеп кездесетін салаларға қатысты жұмысты күшейту басты жоспарымызда тұр. Мысалы білім саласына шағым көп болады десек "Адал ұрпақ" пен "Саналы ұрпақ" мүшелерінің санын көбейту – басты жоспарлардың бірі. Сол жерге белсенді деген жастарды жинамақпыз. Олар оқу орнындағы күрделі мәселелерді көтеріп отырады. Сол мәселенің шешімін табу үшін де олардың көмегіне жүгінеміз. Мүшелердің санын көбейтумен қатар олардың жұмысын жүйелендіру де керек. Қазіргі таңда қашықтан оқу бізгеб бұл жолда қиындық туындатуы мүмкін. Бірақ сонда да жұмысты тоқтатпай жүргіземіз. "Сапалы жол" бойынша жұмысты күшейту қажет болып жатыр. Бұрын айына бір рет қана рейдтік іс-шараларға шығатын болсақ, қазір рейд санын 2-3 ретке шығару жоспарымыз бар. Шағымдарға жауап бере отырып, салынып жатқан жолдардың сапасын біртіндеп тексеру де алдымыздағы үлкен мақсат дер едім. Өйткені биыл салынып жатқан көшелер саны өте көп. Соның сапасын тексеру керек. Опен спейс, Фронт офис, Ашық әкімдіктер, сервистің әкімдіктердің санын көбейту де жоспарда тұр. Бұл көптеген мемлекеттік мекемелерде әлі күнге дейін ашылмаған. Осы мәселені көтеріп отырмыз. Тез арада мемлекеттік мекемелерді осы бағытқа көшіру жіті жоспарлануда. Біз жоғары оқу орындарында "Адалдық алаңы" алаңшаларын да ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл енді пандемиялық жағдайға байланысты болып тұр. Өзіңіз білесіз бізде "Адалдық дүкендері" де бар. Солардың санын көбейту де жоспардағы мәселе. Сайып келгенде мұның барлығы адамдарды адалдыққа тәрбиелейтін жол болып табылады. Көбі "ашылады, ашылады бірақ содан не пайда" деп ойлайды. Бәрінің ойын бірден өзгерту мүмкін емес, әрине. Дегенмен қоғамда бірнеше адамды өзгертсек, ол бірнеше адамға әсер етеді сөйтіп қоғамды ақырындап өзгертер едік. Бұл істің түпкі мақсаты - қоғамдағы сананы өзгерту болып табылады. Біз халықпен қарым-қатынасты жақсарту мақсатында да жұмысты күшейтеміз. Сол мақсатта телеграм бот ашу да жоспарымыз бар. Біз халыққа максималды түрде жақын болуымыз керек. "Адалдық алаңы" бөлімшесі барлық мекемелерде болса, біз кез-келген жерде өз жұмысымызды жүргізе алар едік. Бізді білетін адамдардың саны да артар еді. Біздің тағы бір басты жоспарымыз - тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін азайту. Осындай біздің көптеген жоспарымыз бар. Сол жоспарлардың орындалуы үшін білек сыбана жұмысты кірісіп жатырмыз. 

Жауабыңызға рахмет.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы