Жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған базар иелері заң алдында жауап береді
2026 жылдан бастап жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған базар иелеріне жауапкершілік жүктеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, сауда базарларын жаңғыртуды 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқтау қажет.
Заңнама талаптарына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтардан бастап жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған базарлардың иелеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал талаптар орындалмаған жағдайда, сауда базарларының қызметін уақытша тоқтату немесе кейіннен толық жабу туралы материалдар сотқа жолданатын болады, - деді комитет басшысының орынбасары.
Айта кетерлігі, бұл – "Сауда қызметін реттеу туралы" заңының талаптарын орындау шеңберінде белгіленген соңғы мерзім. Енді мерзімдерді ұзарту қарастырылмайды. Сондай-ақ спикердің сөзіне сүйенсек, базарларды жаңғырту экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызды міндет. Ол сауданың сапасын, қауіпсіздігін, санитарлық жағдайын арттыруға, сондай-ақ сауданың заманауи форматының үлесін кеңейтуге бағытталған. Бүгінде бұл көрсеткіш 41%-ды құрайды, ал 2029 жылға қарай оны 70%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
Соңғы төрт жылда елімізде 156 базар жаңғыртылды. 2025 жылы тағы 100 нысанды жаңарту жоспарланған. Сонымен қоса 57 базарда белсенді құрылыс жұмысы жүріп жатыр.
Сауда саласындағы реттеу мен бақылауды күшейту үшін Сауда комитеті сауда қызметтерінің ұлттық стандарттарын әзірледі. Ішкі сауда ережелерін жаңартты және базарлардың жұмыс істеуіне 11 жаңа міндетті талаптарды енгізді. Олар бекітілген схемалар бойынша сауда орындарын жабдықтауға, ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз етуге, навигацияға және инфрақұрылымның қолжетімділігіне қатысты, - деді Ернұр Жәутікбаев.